"Келінім қорылдап жатты": Айзат Жұманованың өліміне қатысты сотта сұмдықтар ашылып жатыр

"Келінім қорылдап жатты": Айзат Жұманованың өліміне қатысты сотта сұмдықтар ашылып жатыр

Талдықорғанда Айзат Жұманованың өлімі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Жәбірленуші тараптың адвокаты Арман Шәріповтің айтуынша, қаза бойынша қозғалған іс Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігінен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) 99-баптың 1-бөлігіне (Адам өлтіру) мәйітті эксгумациялағаннан кейін ғана ауыстырылған деп жазады Democrat.kz. сайты Stan.kz -ке сілтеме жасап. 

Адвокаттың сөзінше, марқұмның ауруханаға түскен кездегі дене жағдайы мен таза киімі бір-біріне сәйкес келмейді. 

“Эксгумациядан кейін қылмыстың саралауын өзгертуді сұрауға мүмкіндік беретін дәлелдер алдық. Айыпталушының оқиға орнында болған жайттың іздерін жасырғанына сенімдімін. Қылмыс орнын тексеру кезінде қан іздері табылған жоқ. Сондай-ақ оның ауруханаға түскен сәттегі дене жағдайы мен үстіндегі таза киімдердің бір-біріне сәйкес келмеуіне күмәнмен қараймын”, – деді адвокат. 

Адвокаттың сөзінше, айыпталушының қызды медициналық мекемеге жеткізуін құтқару әрекеті ретінде санауға болады. Дегенмен, ол ауруханаға түскен кезде қайтыс болып кеткен болуы мүмкін. 

Сонымен қатар сотта айыпталушы Айбар Жанболаттың әкесі Қайрат Тоғызбаевтан да жауап алынды. Ол қайғылы жағдай болған түні ұлының Айзатты көтеріп келгенін айтты. 

“Қайғылы жағдай болған күні әйелім екеуміз басқа ауылда болдық. Түнгі сағат 11 немесе 12 шамасында ұлым келінімізді ес-түссіз күйінде құшақтап алып келді. Не болғанын сұрадық, ол: "Осылай болып қалды. Оны кездейсоқ құлатып алдым" деп айтты,. Ұлым оны Талдықорғанға жеткізуді сұрады. Оған көлігімді бердім, олар оны артқы орындыққа отырғызды. Өзім баланы алып, үйде қалдым. Айзатты ауруханаға әйелім, Алма және көрші Нұрсұлтан Ноғайбеков алып кетті. Көршім көлікті жүргізді, әйелім жанында отырды. Келінімнің бетінен ештеңе байқамадым, ол қорылдап жатты”, – деді әкесі.

Оның айтуынша, отбасы әрдайым жақсы қарым-қатынаста болған.

“Үйлену тойынан кейін келінім бізге үйренсін деп бірге тұрдық. Содан кейін немереміз дүниеге келді. Үш жыл бірге тұрдық. Айзат тәрбиелі, бізді сыйлайтын еді, тату-тәтті өмір сүрдік. Ұлым екеуі бір-бірін сыйлайтын. Ешқашан дау-дамай болған емес. Келінім үйде отыратын. Балаға қарап, тамақ пісіретін. Қалғанын өзіміз жасайтынбыз”, – деді ол. 

Сондай-ақ ол сол түнгі оқиғалар кенеттен болғанын және қайғылы жағдайды күтпегенін жеткізді.

Көршісі Нұрсұлтан Ноғайбековтың айтуынша, ол сотталушының үйінен шамамен 100 метр қашықтықта тұрады. 

“Оқиға болған күні, сағат 11:00-де Айбар маған келіп, көмек сұрады. Ол Айзаттың ауырып, есінен танып қалғанын және есін жимағанын айтты. Айзаттың беті киіммен жабылған, қан немесе сыртқы жарақат белгілерін байқамадым, бірақ ол ыңылдап жатты”, –деді Нұрсұлтан.

Ауруханаға бара жатқан жолда Суықсай ауылының маңында көліктің дөңгелегі жарылған. Кейін жолаушылар Айбардың әкесінің көлігіне отырған. Кейін барлығы Жансүгіров ауылындағы ауруханаға бет алдған. 

“Осыдан кейін біз Талдықорғанға баруды шештік”, – деді куәгер.

Оның айтуынша, сапар шамамен 40 минутқа созылған. Олар медициналық мекемеге шамамен таңғы сағат 2:00 шамасында барған.

Еске салсақ, 2025 жылдың маусым айында Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында Айзат Жұманова қайтыс болған еді. Әйелді өлтірген болуы мүмкін деген күдікпен күйеуі қамауға алынған.

Барлық жаңалықтар