Қазақстандық актер әрі режиссер Нұртас Адамбай өміріндегі өзгерістер туралы айтып, АҚШ-қа көшкеннен кейінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды деп жазады Democrat.kz.
Өнер иесінің сөзінше, ол соңғы бір жарым жылға жуық уақыттан бері АҚШ-та тұрып жатыр. Осы уақыт ішінде Нұртас Адамбай көпшілік алдына жиі шығып, сұхбат бермеген. Ол мұны жаңа ортаға бейімделу, кәсіби тұрғыдан қайта ойлану және қазіргі киноиндустрияны тереңірек зерттеумен байланыстырды.
Адамбай АҚШ-та жүргенде әлемдік кино нарығының қалай жұмыс істейтінін, шығармашылық индустрияның ішкі жүйесін және заманауи жобалардың жасалу жолын бақылағанын айтты. Оның сөзінше, осы аралықта ой елегінен өткізген дүниелері көбейген.
Режиссер енді бұған дейінгі үнсіздігін бұзып, журналистерге сұхбат беруге дайын екенін жеткізді. Ол АҚШ-тағы өмірі, шығармашылық жоспары, кино саласындағы өзгерістер және жеке көзқарасындағы жаңарулар туралы ашық әңгімелескісі келетінін айтты.
Желі қолданушылары Нұртас Адамбайдың бұл мәлімдемесіне түрлі пікір білдіріп жатыр. Бірі режиссердің жаңа ортада тәжірибе жинап, шығармашылық тұрғыдан өскенін құптаса, енді бірі оның қазақстандық киноға қайта оралып, жаңа жобалар түсіруін сұрады.
Айта кетейік, Нұртас Адамбай бұған дейін «Келинка Сабина» фильмі арқылы кеңінен танылған. Кейін ол қоғамдағы дәстүрлі құндылықтар, кино және мәдениет төңірегіндегі пікірлерімен де жиі талқыланып келді. Ал оның АҚШ-қа қоныс аударуы әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырған болатын.
Қазір көрермендер режиссердің алдағы шығармашылық жоспарын күтіп отыр. Көпшілік оның АҚШ-та жинаған тәжірибесі жаңа фильмдер мен тың жобаларға жол ашады деп үміттенеді.
Десек те, ел есінде "Келинка Сабина" образымен есте қалған Адамбайдың аса діндарлығын да жұрт ұмытпай, қазіргі сырт кейпіне қатысты пікір жазуда.
Әлеуметтік желіде кейбіреулер "сақалы қайда?", "дұрыс қой, Қазақстаннан қашып кеткені", "сақалын қырып, христиан дінін қабылдаған ба?"деген сарында пікірлер жазуда.