"Киік дипломатиясы": Президент саяси шеберлігін көрсетті

"Киік дипломатиясы": Президент саяси шеберлігін көрсетті

«Сыйға сый, сыраға бал». Астанада өтіп жатқан «Орталық Азия – Қытай» саммиті мен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапарын осылай сипаттауға болады. Бүгін Қазақстан тарапы Қытайға мың жарым ақбөкенді сыйға тартатыны туралы ақпарат тарады.

Тоқаевтың дипломатиялық шеберлігіне тәнті болып отырмын. Шәпкімді шешуге рұқсат етіңіздер. Неге дейсіздер ме? Халықаралық қоғамдастықта «Панда дипломатиясы» деген түсінік бар. Яғни, Қытай тарапы сонау бағзы заманнан бері екіжақты достықты нығайту, символдық белгі ретінде панда сыйға тартады. Негізі панда Қытайдың ұлттық символы. Сондықтан оны тек жалға береді. Ал оны сыйға тарту деген үлкен құрметтің белгісі. Ал киік деген нағыз қазақтың, тек Қазақстанға тән жануар ғой. Тоқаев дәл осылай Қытайдың «жұмсақ күшін» қайталау арқылы дипломатиялық шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Тоқаев Қытай басшысына мақтауды үйіп-төкті. Көршілес Қытай Қазақстанның мәңгі әрі стратегиялық серіктесіне, нағыз досына айналғанын жеткізді. Осы орайда, Си Цзиньпин басқаратын Қытай елінің белсенді әрі тиімді рөлін атап өтті. «Сексен миллиондай халқы бар ауқымды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір халықаралық қатынастардың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде өз позициясын бірте-бірте нығайтып келеді», деген Тоқаев осынау оң үдерісте Қытаймен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқаратынын жеткізді. Тоқаевтың Си Цзиньпинді мақтауы, «панда дипломатиясын» қолдануы бекер емес. Қытай бүгінде әлемдегі жетекші экономиканың бірі. Трамп басқаратын АҚШ-тың өзі әлі келмей, сауда соғысында сәтсіздікке ұшырады. Осындай алып елдің басшысы қасындағы өңірге жылы қабақ танытып, бірге дамуды ұсынып отырғанда, мұндай мүмкіндікті жібермеу қажет. Мұны басқа-басқа Тоқаев жақсы түсінеді. Демек, «Орталық Азия – Қытай» саммиті өңірдің тың серпінмен дамуына жол ашатын алаңға айналды деуге болады. Оңғар ҚАБДЕН, журналист. Фото интернеттен.
Барлық жаңалықтар