"Кітап оқитын ұлт": Әп-әдемі бастама есеп қуған науқанға айналды ма?

"Кітап оқитын ұлт": Әп-әдемі бастама есеп қуған науқанға айналды ма?

Қазақстанда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны басталмай жатып әлеуметтік желіде дау туғызды. Мұғалімдер, студенттер мен ата-аналар кей мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында жобаға ерікті қатысудың орнына «100 пайыз тіркелу», «рейтингті көтеру», «барлық студентті тіркеу» туралы тапсырмалар беріліп жатқанын жазуда. Осылайша, кітапқа қызықтыруға тиіс жақсы идеяның кезекті есеп пен статистика жарысына айналу қаупі байқалды, деп жазады Democrat.kz.

Ресми мәлімет бойынша, «Кітап оқитын ұлт» – қазақстандықтардың кітап оқу дағдысын қалыптастыруға, сыни және аналитикалық ойлауын дамытуға бағытталған республикалық жоба. Марафон мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері, педагогтер, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер мен зияткерлерді қамтитын жеті бағыт бойынша өтеді. Қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, пікір жазып, тест пен зияткерлік сайыстарға қатысады.

Идеяның өзіне қоғамда қарсылық жоқ деуге болады. Керісінше, әлеуметтік желідегі пікірлерде кітап оқуды насихаттайтын мұндай жобаны қолдаушылар көп.

Мәселе – оның қалай орындалып жатқанында.

Әлеуметтік желіде тараған хат-хабарлардың бірінде:

«Сағат 20:30-ға дейін мұғалімдер 100 пайыз тіркеліп тапсырады. Тездетейік», – деген тапсырма жазылған.

Тағы бір скриншотта колледж қызметкерлеріне студенттердің тіркелуін «қамтамасыз ету» тапсырылып, өңірлер бойынша рейтинг жіберіліп жатқаны, Алматы қаласының көрсеткіші төмен екені айтылады.

«Барлық орынбасарларыңызға, кураторларыңызға тапсырма беріңіздер. Жіберілген сілтемемен студенттеріңіз тіркелсін», – делінген хабарламада.

Бұл – әлеуметтік желіге шығарылған хаттардың мазмұны. Оның еліміздің барлық мектебі мен колледжіне ортақ ресми тапсырма екеніне дәлел жоқ. Бірақ пікірлерге қарағанда, мұндай талап бір ғана білім ұйымында кездеспеген.

«Оқымасам, неге өтірік тіркелуім керек?»

Жобаны талқылаған желі қолданушыларының бір бөлігі өзі кітап оқуға ниетті болмаса да, тіркелуге мәжбүр болғанын жазды.

Бір мұғалім үш баласының сынып чаттарына тіркелу туралы хабарлама келгенін айтып:

«Мен кітап оқымасам, неге өтірік басуым керек екен? Аштым да, қайта жаптым», – дейді.

Тағы бір пікір иесі жоғары оқу орнында студенттердің барлығына тіркелу талабы қойылғанын айтып, кітап оқымайтын адамның тек телефон соғып мазаламауы үшін тіркелуінің мәнін түсінбейтінін жазған.

Ал мұғалімдердің бірі:

«Мұғалім деген ардақты ат. Массовка емес!» – деп қысқа қайырған.

Кейбір қолданушылар Астанада да тіркелуді міндеттеп жатқанын айтса, басқалары оқушыларының өзі «неге міндет?» деп сұрағанын жеткізді.

Жобаның ресми ережесінде «100 пайыз тіркелу» деген талап жоқ

Мұндағы маңызды жайт – «Кітап оқитын ұлт» жобасының ресми сайтындағы түсіндірмеде барлық мұғалімнің, оқушының немесе студенттің міндетті түрде қатысуы керектігі көрсетілмеген.

Керісінше, сайтта азаматтың тіркеліп, өз бағытын және қазақ немесе орыс лигасын өзі таңдайтыны жазылған. Жиі қойылатын сұрақтар бөлімінде де қатысуды мәжбүрлейтін талап көрсетілмейді.

Демек, әлеуметтік желідегі «100 пайыз тіркелу», «рейтинг», «барлығын тіркеңдер» деген тапсырмалар республикалық марафонның ресми ережесінен емес, оны жергілікті жерде орындау тәсілінен туындап отырған болуы ықтимал.

Статистика кітап оқи ма?

Марафонның ресми сайтында қазір 765 мыңнан астам қатысушы көрсетілген.

Бұл көрсеткіштің өзі ауқымды. Бірақ әлеуметтік желідегі мәжбүрлі тіркеу туралы ондаған пікір бір маңызды сұрақты алға шығарады: осы адамдардың қаншасы шынымен кітап оқу үшін тіркелді, қаншасы мекеме талабын орындау үшін ғана аккаунт ашты?

Өйткені жоба мақсаты – тіркелушілер санын көбейту емес. Ресми сипаттамада оның мақсаты тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру және адамның сыни ойлауын дамыту екені анық жазылған.

Егер мұғалім кешкі сағатқа дейін «100 пайыз көрсеткіш» тапсыру үшін әріптесін тіркетіп жүрсе, студент кітап оқуға қызыққандықтан емес, куратор қайта-қайта талап еткендіктен сайтқа кірсе, ал мектептер бір-бірімен оқылған кітап бойынша емес, тіркелген адам саны бойынша жарыса бастаса, бастапқы идеяның мәні өзгеріп кетеді.

Қызығып қатысқандар да бар

Әлеуметтік желідегі пікірлердің барлығы теріс емес.

Бір мұғалім жобаға өз еркімен тіркелгенін, ешкім мәжбүрлемегенін және марафонға дайындалып, қажетті кітаптарды сатып алғанын жазды.

Оған жазба авторы:

«Осындай жеке таңдау болуы керек», – деп жауап берген.

Тағы бір қатысушы былтырғы пилоттық жобаға өз еркімен қатысып, кітаптарды оқығанын, командасымен облыста үшінші орын алып, 400 мың теңге ұтып алғанын жазды.

Бұл мысалдар жобаның адамның өз қызығушылығымен қатысқан кезде мүлде басқа нәтиже бере алатынын көрсетеді.

«Әп-әдемі идеяны топас орындаушылар құртты»

Пікірталасты бастаған желі қолданушысы Т.А. Меңдібай жағдайды бір сөйлеммен түйіндеген:

«Әп-әдемі идеяны топас орындаушылар құртты... Осылай оқитын ұлт боламыз ба?»

Бұл сауалдың салмағы тек бір марафонға қатысты емес.

Қазақстандағы көптеген мемлекеттік бастаманың тағдыры идея мен орындаудың арасындағы алшақтыққа тіреліп жүр: жақсы жоба пайда болады, одан кейін өңірлік рейтинг жасалады, төмен көрсеткіш үшін жауап сұралады, төменнен жоғарыға «100 пайыз орындалды» деген есеп қажет болады. Сөйтіп адамның қызығушылығына негізделуге тиіс бастама сан қуған науқанға айналады.

Кітап оқуды бұйрықпен үйрету мүмкін бе?

«Кітап оқитын ұлттың» алдағы тағдыры осы сұрақтың жауабына байланысты болмақ. Егер жобаның нәтижесі тіркелушілер санымен емес, шын мәнінде 15 кітапты оқып, түсініп, талдаған адамдардың үлесімен өлшенсе – бастаманың мәні сақталады.

Ал «сағат 20:30-ға дейін 100 пайыз тіркелу» басты көрсеткішке айналса, миллион адамды сайтқа тіркеуге болады. Бірақ миллион аккаунттың өзі кітап оқитын ұлт қалыптастырмайды.

Барлық жаңалықтар