Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Идеологиялық кеңес отырысында ішкі саясаттың басым бағыттары, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және мемлекеттік идеологиялық жұмысты жүйелеу мәселелері қаралды, деп жазады Democrat.kz.
Жиынға Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен бірқатар орталық мемлекеттік орган басшылары қатысты.
Отырыста көтерілген негізгі бағыттардың бірі – Конституцияда бекітілген құндылықтарды қоғамда кеңінен орнықтыру. Ерлан Қариннің айтуынша, Ата заңдағы қағидаттар Мемлекет басшысының елді жаңғыртуға бағытталған стратегиялық реформаларының өзегін құрайды.
Осыған байланысты мемлекеттік саясат Заң мен тәртіп үстемдігін күшейтуге, жалпыұлттық бірлікті, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, білім, ғылым, мәдениет пен инновацияны дамытуға бағытталуы тиіс.
Сонымен қатар қоғамда еңбекке құрмет, әлеуметтік оптимизм, жауапты және жасампаз патриотизм қағидаларын орнықтыру міндеті белгіленді.
Ерлан Қарин бұл бағыттағы мемлекеттік аппарат жұмысының негізін Президенттің ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту жөніндегі Жарлығы және Конституцияны ілгерілетуге арналған іс-шаралар жоспары құрайтынын атап өтті.
Жаңа қоғамдық этикаға басымдық берілмек
Кеңесте жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Вице-Президенттің айтуынша, қоғамдық этика күнделікті өмірден бастап қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениетіне дейінгі кең ауқымды қамтуы қажет.
Сонымен бірге қоғамға жат құндылықтарды күштеп таңуға, қоғамдық сананы кері тартуға және тарихи оқиғаларды мифке айналдыруға бағытталған әрекеттерге жүйелі түрде қарсы тұру қажеттігі айтылды.
Бұл ретте «Заң және тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» жобасын және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын жалғастыру маңызды екені атап өтілді.
«Таза Қазақстан» жаңа форматқа көшпек
Жиында «Таза Қазақстан» бастамасын кеңейтуге арналған жаңа тәсілдер де ұсынылды.
Атап айтқанда:
- бірыңғай цифрлық платформа құру;
- өңірлердің тазалық рейтингін қалыптастыру;
- тазалықтың ұлттық стандартын енгізу;
- Қазақстанды көгалдандырудың онлайн-картасын әзірлеу мәселелері көтерілді.
Жаңа тұжырымдамалар әзірленеді
Идеологиялық кеңесте ішкі саясат саласындағы қолданыстағы стратегиялық құжаттарды сапалы орындау мәселесі де қаралды.
Олардың қатарында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы, Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту тұжырымдамасы, Мемлекеттік жастар саясаты және Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамалары бар.
Сонымен бірге алдағы кезеңде «Оқитын ұлт» тұжырымдамасын және этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытуға арналған жаңа тұжырымдаманы әзірлеу қажеттігі айтылды.
Ерлан Қарин барлық ұлттық жобалар мен бағдарламалар елді жаңғыртудың біртұтас жүйесіне біріктірілуі тиіс екенін атап өтті.
«Ішкі саясат саласындағы жүйелеу жұмысын жалғастыру қажет. Бірыңғай талаптарды, нақты регламенттер мен рәсімдерді бекіту керек. Қарқынды бәсеңдетуге немесе қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалуға болмайды», – деді Вице-Президент.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың негізгі міндеті – азаматтардың сұранысына жедел жауап беру, жаңа конституциялық құндылықтарды ілгерілету және Президент бастамаларының сапалы орындалуын қамтамасыз ету.
Жиын қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясаттың негізгі бағыттарын іс жүзінде жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар берілді.