Қазақстанда білім реформалары жыл сайын дерлік жаңарып, стандарт, бағдарлама, бағалау жүйесі мен цифрлық платформалар қайта-қайта өзгергенімен, оқушының нақты білімі неге баяу өседі? Әлеуметтік желіде осы сұрақты көтерген сарапшы Арстан Сатанов реформаның қағазда қабылдануы мен оның сыныпта нақты іске асуының арасында үлкен алшақтық бар екенін жазды. Оның пікірін қолдағандар «мектепке тағы бір реформа емес, бұрынғы өзгерістердің неге нәтиже бермегенін ашық талдау қажет» дейді, деп жазады Democrat.kz.
Арстан Сатановтың жазуынша, Қазақстанда білім саласындағы өзгерістер көбіне құжат қабылдаумен өлшенеді. Стандарт жаңарады, бағдарлама өзгереді, оқулық ауысады, мұғалім жаңа курстан өтеді, цифрлық платформа енгізіледі. Бірақ осының бәрі баланың мәтінді түсінуіне, есепті ойлап шығаруына, дәлелмен жұмыс істеуіне және жаңа мәселені шешуіне әсер етпесе, реформаның мәні күмәнді.
«Реформа құжатқа қол қойылған сәтте емес, баланың оқу тәсілі өзгерген кезде ғана жүзеге асады», – деген ой айтады автор.
Ол білім саясатындағы басты проблемалардың бірі ретінде implementation gap, яғни қабылданған шешім мен оның мектептегі нақты орындалуының арасындағы алшақтықты атайды.
PISA-ны рейтинг үшін емес, диагноз үшін пайдалану керек
Сатанов PISA нәтижелеріне де басқа қырынан қарауды ұсынады.
Оның пікірінше, орташа баллдан бұрын мына сұрақтар маңызды:
– қанша оқушы базалық сауаттылық деңгейіне жете алмай отыр;
– нақты қандай тапсырмалар қиындық туғызады;
– қай өңірлер мен мектептер тәуекел аймағында;
– нәтиже әлеуметтік жағдайға, оқыту тіліне, мектеп ортасына немесе қолданылатын әдістемеге қаншалық тәуелді?
Автор халықаралық зерттеу нәтижесі жарияланған сайын бірден жаңа бастама немесе кезекті реформа ұсынуды қауіпті тәсіл деп санайды.
PISA белгілі бір көрсеткіштер арасындағы байланысты көрсете алады, бірақ ол әрдайым проблеманың нақты себебін автоматты түрде анықтап бермейді. Сондықтан жақсы нәтиже көрсеткен мемлекеттің моделін сол күйінде көшіре салу да нәтиже бермеуі мүмкін.
«Сингапурдағы тәсілді Қазақстанға жай ғана көшіре алмаймыз. Алдымен оның неге жұмыс істейтінін түсініп, біздің жағдайға сәйкестігін тексеру қажет», – деген мазмұнда пікір білдіреді ол.
Осыдан кейін ғана нақты араласу жасалып, оның нәтижесі бағалануы тиіс.
«Президенттің бір сөзі жаңа реформаға айналып кетпеуі керек»
Жазба астындағы пікірлер де өткір шықты.
Күләш Нұрымжанова есімді желі қолданушысы білім саласындағы «жүйесіз, ерікті реформалардың» көбейіп кеткенін айтып, мектеп жүйесі табиғаты жағынан тұрақтылықты қажет ететінін атап өтті.
«Президенттің орынды айтылған бір пікірі асығыс реформаға айналмауы керек. Білім беру жүйесі, әсіресе мектеп – сөздің жақсы мағынасында ең консервативті жүйе болуы тиіс», – деп жазды ол.
Оның ойынша, білім саласында теорияны жақсы білетін, бірақ мектептегі практикалық тәжірибесі аз сарапшылар да көбейген.
«Алдымен жұмыс істеп, тиімді тәжірибе қалыптастырып алу керек. Содан кейін ғана соның нәтижесін қағазға түсірген жөн», – деген пікір қалдырған.
Тағы бір қолданушы мәселенің бір ұшы білім бағдарламаларын кабинетте отырып жасайтын сарапшыларға тірелетінін атап өткен.
Басты мәселе – реформа саны емес, оның нәтижесі
Арстан Сатановтың көтерген басты ойы да осыған саяды: Қазақстанға жаңа реформаны үздіксіз ойлап табудан бұрын бұрынғы реформалардың неге күткен нәтижені бермегенін зерттеу маңызды.
Мысалы, оқу сауаттылығының төмендігі анықталса, оны «балалар аз оқиды» деген қарапайым қорытындымен түсіндіру жеткіліксіз. Проблема мәтінді талдау әдістемесінде, ақпарат іздеуде, дереккөздерді бағалауда, сөздік қорда, мотивацияда немесе мұғалімнің оқыту тәсілінде болуы мүмкін.
Егер нақты себеп анықталмаса, кезекті бағдарлама немесе жаңа оқулық сол проблеманы тек басқа атаумен жалғастыруы ықтимал.
Сондықтан реформаның ең қарапайым өлшемі мынау болуы керек: өзгерістерден кейін бала бұрынғыдан жақсы түсіне бастады ма, ойын қисынды жеткізе алды ма, алған білімін өмірлік жағдайда қолдана алды ма?
Егер жауап әлі де «жоқ» болса, мәселе реформаның аздығында емес.
Мәселе – реформаның тым көптігі мен оның нәтижесіне жауапкершіліктің тым аздығында болуы мүмкін.