Көк-Жайлау туралы аудиожазба жариялаған экоактивист 15 тәулікке қамауға алынды

Көк-Жайлау туралы аудиожазба жариялаған экоактивист 15 тәулікке қамауға алынды

Алматыда Көк-Жайлау аумағындағы ағаштардың кесілуі мүмкін екені туралы аудиожазбаларды жариялаған экоактивист Аруна Ортаева 15 тәулікке қамауға алынды. Қазір оның қылмыстық іс бойынша мәртебесі — қорғануға құқығы бар куәгер, деп жазады Democrat.kz.

29 тамызда Ортаеваның үйінде тінту жүргізілген. Кейін белсенді Алматы полиция департаментіне жеткізілген.

Қазақстандық адам құқықтары бюросының мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу және өзге де хабарламалар құпиясын заңсыз бұзу туралы 148-бабына байланысты қозғалған.

Бұған дейін Ортаева әлеуметтік желіде аудиожазбалар жариялаған. Онда Көк-Жайлаудағы құрылыс аумағына түсуі ықтимал Қызыл кітапқа енген ағаштардың тағдыры талқыланған деген болжам айтылған.

Белсенді тау-шаңғы курорты құрылысына қарсы қоғамдық науқандарға қатысып жүрген.

Құқық қорғау органдары істің мән-жайын анықтап жатыр. Ортаеваның кінәлі немесе кінәсіз екені туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды. 

Барлық жаңалықтар