"Көкем зорлады" деп видео мәлімдеме жасаған Нұрғали Нұғманның мәселесімен енді заң орындары айналысады деп жазады Democrat.kz.
Еске сала кетейік, Нұрғали Нұғман деген жас жігіттің желідегі ашық мәлімдемесі қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Ол «Балапан» телеарнасында жұмыс істеген кезінде телеарнаның продюсері әрі өзінің туысы болып келетін ер адамның өзін зорлағанын айтқан. Осыған байланысты телеарна мен сол уақытта Балапан телеарнасын басқарған Ләйлә Сұлтанқызы пікір білдірді.
⠀
Ләйлә Сұлтанқызы арнаны негізсіз айыптамауға шақырып, телеарнаның аутсорсингтік компаниялармен жұмыс істейтінін айтқан. Ал «Balapan» телеарнасы 2010 жылдан бері арнада ер адам «продюсер» қызметін атқармағанын мәлімдеді.
⠀
Кейін Нұрғали Нұғман оқиғаның телеарнаға емес, коммерциялық жобаға қатысты болғанын нақтылап, арна ұжымынан кешірім сұрады. Қазір желіде бұл жағдайға қатысты түрлі пікір қалыптасқан: біреулер оны қолдаса, енді бірі хайп деп бағалап жатыр.
⠀
Желі қолданушысының өзі қоғамдық резонанс тудырған оқиғасының арасында Қытайдан тауар жеткізетін байер екенін айтып, шулы үндеуінің жалғасын көру үшін парақшасына, телеграм арнасына жазылуға шақырған.
⠀
Бұл оқиғаға қатысты Алматы қалалық Полиция департаменті ресми пікір білдіріп, полиция департаментінің баспасөз қызметі мән-жайды анықтау мақсатында процессуалдық тексеру жұмыстары басталғанын хабарлаған.