Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері Көкжайлауда өткен экологиялық сенбілік барысында туристерден қалатын қоқыс мәселесінің ушығып тұрғанын мәлімдеді. "Медеу" филиалының директоры Бақтияр Нұрлановтың айтуынша, қызметкерлер бұл аумақтан кейде аптасына екі рет тазалық жұмыстарын жүргізіп, 6 тоннаға дейін қоқыс шығаруға мәжбүр, деп хабарлайды DEMOCRAT.
28 тамызда Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында, соның ішінде Көкжайлау шатқалында кезекті экологиялық сенбілік өтті. Парктің "Медеу" филиалының директоры Бақтияр Нұрлановтың айтуынша, туристер ағынының көптігіне байланысты тазалық жұмыстары үнемі жүргізілгенімен, қалдырылатын қоқыс көлемі азаймай отыр. Ол келушілерді табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырды.
Бақтияр Нұрланов Көкжайлаудың төрт бірдей шатқалдың тоғысатын жері болғандықтан, мұнда келетін туристер саны өте көп екенін атап өтті.
"Келушілер табиғаттың сұлулығын тамашалайды, бірақ тазалықты ұмытып кетеді. Өздерімен бірге әкелген пакеттерін, тамақ қалдықтарын осында тастап кетеді. Бұл бүгінгі күннің ең үлкен мәселесі", – дейді филиал директоры.
Оның сөзінше, ұлттық парктің 200 мың гектар аумағын 300-ге жуық қызметкер бақылайды. Олардың міндеті тек қоқыс жинау емес, сонымен қатар орманды өрттен қорғау, ағаш отырғызу сияқты маңызды жұмыстарды атқару. Осыған қарамастан, парк қызметкерлері еріктілермен және студенттермен бірлесіп, "Таза Қазақстан" акциясы аясында үнемі тазалық шараларын өткізіп тұрады.
Нұрланов Көкжайлаудан бөлек, жақында ашылған "Горельник" ыстық бұлағына келетін шетелдік туристердің де артынан көп қоқыс қалдыратынын айтты.