Қазақстанда 12 наурыздан бастап жол ережесін бұзғандарды анықтауды жеңілдететін өзгерістер күшіне енді деп жазады Democrat.kz. сайты Stan.kz -ке сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, жаңа тыйымдар енгізілген жоқ, тек полицияға бұрыннан бар заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін техникалық құралдар көбейді.
Бұған дейін бейнебақылау камералары жолдағы алты түрлі заңбұзушылықты ғана тіркей алатын. Мысалы қызыл шамға өту немесе жылдамдықты асыру. Ал басқа тәртіп бұзушылықтарды анықтау үшін міндетті түрде полиция қызметкері қажет еді.
Енді полицияға камералардан бөлек жаңа технологиялар көмектеседі.
Автоматты камералар арнайы өлшеу құралдарын қажет етпейтін заңбұзушылықтарды да анықтай алады. Мәселен көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесу немесе қауіпсіздік белдігін тақпау.
Сонымен қатар мемлекеттік деректер базасы да пайдаланылады. Оның көмегімен көліктің техникалық тексеріс мерзімі өтіп кеткенін немесе сақтандыру полисінің жоқ екенін автоматты түрде анықтауға болады.
Жолда кептеліс тудыру немесе жарық шамдарын дұрыс пайдаланбау сияқты жағдайларда да жүйе автоматты түрде ескерту жасай алады.