Астанада алаяқтық жасап, жалған ақпарат тарады деген күдікпен 23 жастағы қала тұрғыны ұсталды деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Stan.kz- ке сілтеме жасап.
23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде бір қолданушы анонимді аккаунттан әскери қызмет өтіп жатқан кезінде жыныстық зорлыққа ұшырағанын айтып, қазір әлдекімдер ізіне түсе ме деп қорқатынын жазған.
Ол өз жазбасында бір жыл бұрын әскерден оралғанын және әлі күнге дейін болған қорқынышты оқиғаны ұмыта алмай жүргенін жазған. Автор командирдің өзін қорқытып, оны жыныстық әрекеттер жасауға мәжбүрлегенін айтқан.
Жазбада оқиғаның егжей-тегжейі көрсетілген, бұл мыңдаған желі қолданушылардың назарын аудартты. Ол бұл мәліметтерді пайдалана отырып, қолданушылардан шетелге қашуды желеу етіп, қаржылай көмек сұраған. Ол жазбаға банк реквизиттерін бекітіп, азаматтардан сол есепшоттарға ақша аударуын сұраған. Адамдар өзіне сену үшін қазір болған жағдайлардан кейін депрессияда жүргенін және бұрынғы қызымен қатынасын жалғастыра алмайтынын айтқан.
Алайда бір желі қолданушысы есепшотты тексеру үшін полицияға жүгінген. Нәтижесінде автордың бұл әрекеті тоқтатылып, оның жалған парақша екенін анықтаған.
Тәртіп сақшылары тек реквизиттердің дұрыстығына ғана емес, сонымен қатар оқиғаның өзіне де күмән келтірді.
Сөйтіп барлық күдіктер расталды: банк есепшотын 17 жастағы жасөспірім басқарып отырған. Оның айтуынша, хостелде танысқан ескі танысы қарызын аударуды уәде етіп, оның реквизиттерін сұраған.
Сондай-ақ ол блокталған есепшоттар мен аударымдардағы қиындықтар барын айтып, басқа сомаларды да қабылдауға көмектесуін сұраған. Оның сөзіне сенген жасөспірім ештеңеден күдіктенбестен, өз деректерін беріп, көмектескен. Екі күн ішінде оның есепшотына 100-ден астам аударым жасалған.
Қосымша жедел-іздестіру шаралары барысында ақшаны жинаған жазба авторы ұсталды.
“Анықталғандай, жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес емес. Сонымен қатар контент авторының әскери қызметпен ешқандай байланысы жоқ және ол ешқашан әскерде қызмет етпеген. Өзінің заңсыз әрекеттерімен ол әскери қызметтің абыройына нұқсан келтірді. 23 жастағы қала тұрғынының айтуынша, жалған хабарламаны ол ақшаны жинау мақсатында әдейі жариялаған”, – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Біліп тұрып жалған ақпарат тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ұсталған азамат сот санкциясымен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ведомство мұндай заңсыз әрекет үшін жігіт бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.
Полиция азаматтарды жалған ақпарат таратуға жауапкершілік бар екендігін ескертеді және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.
Еске сала кетейік, "Командир дамбалын шешіп, бұйырды" деген жігіт әскердегі масқара жағдайды айтқанын жазған болатынбыз.