«Конвертті гүлдің түбіне тығайық»: Блогер мектепте ақша жинаудың сорақы жақтарын айтты

«Конвертті гүлдің түбіне тығайық»: Блогер мектепте ақша жинаудың сорақы жақтарын айтты

Қоғам белсендісі Рабиға Медет мектептегі ата-аналар чатында мұғалімдерге ақша мен қымбат сыйлық жинау әдетін өткір сынға алды. Оның пікірінше, мәселе мұғалімге гүл сыйлауда емес, тыйымды айналып өтіп, конвертті жасырып беруге дейін баратын әрекетте. Жазба көпшілікті екіге бөліп, бірі мұны жемқорлық санасының бастауы десе, енді бірі ұстазға сыйлық беруден ешқандай қылмыс көрмейтінін айтты, деп жазады Democrat.kz.

Рабиға Медеттің айтуынша, ата-аналар чатындағы мұғалімге сыйлық жинау мәселесі оны үнемі алаңдатады.

Ол кей ата-аналардың:

«Ақша жинайық та, конвертті бөлме гүлінің астына тығып қояйық», «Kaspi-ге жіберсек, біліп қоя ма?», «Мектептің жанында көзге түспейік, сыйлықты үйінің подъезінің алдында берейік» деген ұсыныстарын мысалға келтірген.

Белсенді мұндай әңгімелер бір ғана мектепте емес, көптеген білім ордаларында кездесетінін айтады.

Оның жазуынша, ата-аналардың сыйлық беруге себеп іздейтін мерекесі де аз емес.

Ұстаздар күні, мұғалімнің туған күні, 1 қыркүйек, Жаңа жыл, 8 наурыз, Наурыз, оқу жылының аяқталуы — осының бәрінде ақша жинау мәселесі қайта көтеріледі.

Рабиға Медет бұл жерде мұғалімге құрмет көрсетудің өзіне қарсы емес екенін ерекше атап өткен.

Оның ойынша, ата-ана өз қалауымен гүл шоғын немесе бөлме гүлін сыйласа, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Алайда ақша жинап, қымбат сыйлық алып, оны тыйымнан жасырып жеткізу әрекеті мүлдем басқа құбылыс.

Белсендіні әсіресе ақша жинауға қатыспаған ата-ананы көпшілік алдында бөліп көрсету ашуландырған.

Оның сөзінше, кейбір чаттарда:

«Сыйлық бәрімізден, тек Мединаның анасынан емес» деген мазмұндағы жазба пайда болуы мүмкін.

Рабиға Медет мұны балаға да, ата-анаға да психологиялық қысым жасау деп бағалап, «Бұл буллинг емес пе?» деген сауал қойған.

Оның негізгі ойы мұнымен де шектелмейді.

Белсенді мектепте басталған осындай әрекеттер кейін қоғамдағы әлдеқайда күрделі құбылыстарға ұласады деп есептейді.

«Мұғалімнің ықыласын сатып алу, университетте баға үшін ақша беру, қызметке ақша төлеп орналасу, қылмыстан ақша арқылы құтылып кету — мұның бәрі бір жүйе мен бір ойлау тәсілінің жалғасы. Ал ол мектептен басталады», – деген мазмұнда пікір білдірген Рабиға Медет.

Ол қоғамды өзгертуден бұрын адамның өз ойлау жүйесін өзгертуі керектігін айтқан.

Жазба астындағы пікірлер де қоғамдағы көзқарастың қаншалықты екіге бөлінгенін көрсетті.

Пікір білдірушілердің бірі Рабиға Медетті толық қолдап, мұндай әдет балабақшадан басталып, мектепке, кейін тіпті емхана мен ауруханаға дейін жалғасатынын жазған.

Оның ойынша, адамдардың біреуге міндетті түрде сыйлық беруі өзгелерді де соған үйретіп, күту психологиясын қалыптастырады.

«Мұғалімге гүл жеткілікті. Ол күнделікті еңбегі үшін жалақы алады, мерекеге премия беріледі» деген пікір қалдырған.

Алайда мұндай ұстаныммен келіспегендер де бар.

Бір оқырман:

«Неге мұнда жемқорлық пен мұғалімге сыйлық беруді байланыстырады? Мұғалімге сыйлық беруге неге болмайды? Басқа мамандық иелерінің кәсіби мерекесінде мұндай мәселе көтерілмейді. Бұл қос стандарт емес пе?» деген пікір айтқан.

Осы пікірдің өзі даудың негізгі өзегін ашып бергендей.

Бір тарап үшін мұғалімге сыйлық беру — алғыс пен құрметтің белгісі.

Ал екінші тарап үшін мәселе сыйлықтың өзінде емес, ата-аналардың жаппай ақша жинауы, оған қатыспағандарды айыптауы және тыйым болса да оны жасырын түрде айналып өтуге тырысуында.

Сондықтан қоғамдағы басты сұрақ «мұғалімге сыйлық беруге бола ма?» дегеннен гөрі, «ерікті сыйлық қай жерден бастап міндетті ақша жинауға айналады?» деген мәселеге келіп тіреліп отыр.

Өйткені адам өз еркімен бір тал гүл беруі мүмкін. Ал «бәрі ақша өткізді, сен де беруге тиіссің» деген қысым басталған сәтте оның мағынасы өзгеріп кетеді.

Барлық жаңалықтар