Коррупцияға қарсы күрескен шенеунік түрмеге қамалды

Коррупцияға қарсы күрескен шенеунік түрмеге қамалды
 
Жеті жарым жылға сотталған Түркістан облысы білім басқармасының бұрынғы басшысы Ғалымжан Жұмашевтің «қылмыстық ісін» қарап шықтым. Оған алғашында ҚК-тің 366 бабы (пара алу) бойынша айып тағылған, бірақ сот процесінде прокурор кезінде өзі қуаттаған бұл айыптан «дәлелі жоқ» деп бас тартты.
 
Сот Ғ.Жұмашевті ҚК-тің 190 (алаяқтық) және 218 (қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру) бабымен айыпты деп тауып, әкесінен інісіне мұра болып қалған бастауыш мектеп ғимаратын (суреті комментте) тәркілеуге үкім шығарды.
 
Мамандығы заңгер Ғалымжан Жұмашев Түркістан облысы білім басқармасын төрт-ақ ай басқарды. Айтуынша, Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың қабылдауында болған бір сапарынан кейін оған ҰҚК орталық аппаратының бір қызметкері келіп «министрге 30 мың доллар+10 млн теңге пара беріп шықтым» деп айт деген.
 
Бұлай айтудан Ғ.Жұмашев үзілді-кесілді бас тартқан. Оның үстіне, Ғ.Жұмашев лауазымды қызметіне кірісе салып Түркістан облысы білім жүйесіндегі жемқорлықты тексеріп, бірнеше ауданда жалпы сомасы 7,5 млрд бюджет қаржысының жоқ болғанын анықтады.
 
Коррупцияға қарсы осы күресті тоқтату үшін бұрын екі мәрте сотталған Эльмира Дүйсенқызының дәлелсіз арызы бойынша Ғ.Жұмашев қамалды.
Эльмира Дүйсенқызының күйеуі полковник Ермек Арыстан ҰҚК-нің 3-басқармасында орынбасары болған. Ол әйелі екеуі Шымкенттегі бір ректордың ұлын ҰҚК-нің академиясына оқуға түсіріп берем деп алдап, 15 мың доллар алғаны үшін сотталған.
 
Сондай-ақ, Э.Дүйсенқызының Шымкент қаласында «Риана» атты жекеменшік мектебі, Медициналық колледжі бар. Ол осы оқу орындары арқылы бюджеттің миллиондаған ақшасын жымқырғаны үшін тағы да сотталды.
 
Бұл оқиғаның бәрі Ғ.Жұмашев Түркістан облысы білім басқармасына қызметке келгенге дейін болған еді. Ғалымжан Жұмашев «қызметке тұру үшін министр Ғ.Бейсембаевқа пара бердім» деп арыз жазудан бас тартқаны үшін және ол Түркістан облысындағы жемқорлықты тексере бастаған соң ҰҚК орталық аппаратынан құрылған тергеу тобы Э.Дүйсенқызына арыз жазғызады.
 
 Ол бір арызында Медициналық колледж түлектеріне берілетін диплом бланкісін алуға «көмектесем» деген Ғ.Жұмашевқа қомақты ақша (пара) беріпті-мыс. Дегенмен, ондай бланкіні алып беруге Ғ.Жұмашевтің тіпті құзыреті жүрмейтін.
 
Сот тергеуі кезінде мұндай оқиғаның болғаны да дәлелін тапқан жоқ. Сондықтан сот Ғ.Жұмашевтан пара алу бабын алып тастады да, айыпты «алаяқтық» бабына жатқызды, бірақ мұның да дәлелі жоқ.Эльмира Дүйсенқызының Ғ.Жұмашевті айыптап жазған арызында әлдебір 60 млн теңге шамасындағы сома көрсетілген.
 
Айтуынша, Э.Дүйсенқызы өзінің жекеменшік мектебіндегі жемқорлығы үшін қамалғанда оның ұлынан «шешеңді түрмеден үй қамаққа шығарып берем» деп Ғ.Жұмашев ақша алыпты-мыс.
 
Егер Э.Дүйсенқызына қатысты сот процестерін қарап отырсақ, оның ұлынан дәл осы 60 млн шамасындағы теңгені «шешеңді бостандыққа шағарам» деп ҰҚК қызметкері Масақбаев та алыпты. Масақбаев дәл осы қылығы үшін 12 жылға сотталып кеткен.
 
Солай болса да Масақбаевқа қатысты осы эпизодты дәлел болмаса да Ғ.Жұмашевқа таңып жіберді. Ғ.Жұмашевты айыптау екі мәрте сотты болған Э.Дүйсенқызы мен оның ұлының жалаң сөзіне құрылды және сот сол бойынша «алаяқтық» бабымен 7,5 жылға түрме жазасына үкім шығарды.
 
Сот материалдарына қарасақ, тергеуде де, прокурордың айып тағуында да заңсыздық көп. Мысалы, сот үкіміндегі «қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырды» деп айтылатын бастауыш мектеп ғимаратының Ғалымжан Жұмашевқа ешқандай қатысы жоқ.
 
Бұл мектеп ғимаратын Ғалымжанның әкесі Сұлтанбек өзіне тиесілі болған мүлкін сатып, басқа ұл-қызымен бірігіп салған. Мектеп құрылысы бітіп, ашылу салтанатынан кейін Сұлтанбек қайтыс болған, мектеп Ғалымжанның інісінің меншігіне өтеді.
 
 Соған қарамай тергеу тобы Ғалымжанға қарсы қылмыстық іс қозғағанда осы мектепті (суретті комментте) арестке қояды. Заңсыздық заңсыздықты тудыратыны сияқты Ғ.Жұмашевке үкім шығарған сот бөтен адамның мүлкін тәркілеуге шешім шығарып отыр. Ғ.Жұмашевқа тиесілі емес мүліктерді арестке қою тергеу тобының айыпталушыға қысым жасаудың тәсілі тұғын. Тергеу тобының осы және басқа да заңсыз әрекетін сот ескермей үкім шығара салды.
 
Сөйтіп, білім жүйесіндегі жемқорлыққа қарсы нақты күрес бастаған Ғалымжан Жұмашев түрмеге қамалды. Осы жағдайға қарап отырып, президент Тоқаев айтқан «Әділетті Қазақстанды» жақын арада құра алмаймыз-ау деген оңаза ойға шомасың...
 
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист. 
Барлық жаңалықтар