Танымал журналист Анна Данченко көзіне жас алғызған жағдай туралы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
1Бүгін мен өте қатты құрметтейтін апайым Айгүл Рамазан ханымның қыз ұзату тойын жүргіздім. Айгүл ханыммен әріптеспіз, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұстазбыз.
Тойға келген қонақтардың көбі өзіме өте жақсы таныс. Аға-апайларым, оқу орнымыздың беделді оқытушылары, ғылым жолында жүрген мықты мамандар.
Ал, тойдың басталуына аз уақыт қалған кезде мейрамхана ішінде жүзі жылы, өмірлік жолымда ойып тұрып орын алған Бақытжан Жұмағулов мырзаны көрген кезде көзге еріксіз жас келді.
Ол кісіні көрмегелі біраааз болды, аман-есен екенін көріп қатты қуандым. Барып амандасуға ыңайсыздандым, себебі дастарханға жайғасты, жанында үлкен кісілер бар. Сөйтіп, той басталып кетті.
Жүрегім жылып кетті. Алматыға келген алғашқы күндерім есіме түсті. Магистратураға Грантқа түстім. Бақытжан мырза ол кезде университет ректоры. Оқу жылы басталды. Университетімізге жас ғалымдармен кездесуге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келетін болды.
Көптің ішінен сөз сөйлеуге ректор мені таңдады. Тілім - қазақ, мамандығым - ағылшын тілі, ұлтым - орыс. Үш тілде сөйлеп, Нұрсұлтан Әбішұлының батасын алдым.
Бір жыл өте шықты. Ғалымдар үйінде үлкен баяндама оқыдым. Бақытжан Жұмағұлов ҚР Білім және ғалым министрі атанды. Жас ғалымдар атынан Астанға келіп үлкен жиінға қатысып, сөз сөйледім (ютубта бар), Астанаға жұмысқа шақырту алдым. Бірақ саясатты емес, ғылым жолын таңдадым. Докторантурада оқыдым. Аға оқытушы болдым.
Бақытжан мырзаның маған айтқан әр сөзі, ақылы, кеңесі әлі есімде. Маған үлкен қолдау көрсеткен ұстазым.
Міне, арада қанша жыл өтсе де, мені ұмытпай, ортаға тілек айтуға шыққан кезде де: “Анна Данченко, керемет, көргеніме қуаныштымын. Оқып жүріп белсенді болып, ғылымға, білімге құштар едің, алдыңда жақсы жолдар ашылыпты. Ризамын!”, - деген кезде кеудемді қуаныш сезімі кернеді.
Өте бақыттымын. Жеңісті күндер көп болды, құладым да, жыладым да, сүріндім, бірақ ешқашан тоқтап қалған жоқпын. Ешкімге жалынған жоқпын, ешкімнің аяғына жығылған жоқпын. Бірінші - Алланың, екінші - ата-анамның ақ батасы, қолдауы, үшіншіден - өзімнің еңбекқорлығым деп білемін.
Аллаға шүкір. Мен бүгін ерекше бақыттымын" деп жазды Анна Данченко.