Белсенді журналист Ораз Әлімбеков бас мүфти Наурызбай қажының құдіретсіздігі туралы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
Атырау қаласының бас имамына оның неге әлі жетпейді?
Атырау облысына биыл өкіл имам болып тағайындалған Болатбек Ұласқанұлының қарамағындағы имамдарды ротация жасауға өкілеттігі жетпей жатыр.
Ол жиырма жылдан бері Атырау қаласының бас имамы («Құспан молла» мешітінің бас имамы) қызметіндегі Эммат Ғұмаровты басқа жұмысқа ауыстыра алмай діңкесі құрып, Астанаға барып Бас мүфти Н.Өтпеновке шағымданыпты.
Сөйтсе, ол да артында «крышасы» бар Эммат Ғұмаровқа түк істей алмайтынын айтыпты. Бас мүфтиде де бедел қалмаған ғой сонда. «Болатбек Ұласқанұлы екі оттың ортасында қалды, Бас мүфти оған Атырауда «ротация жаса» деп тапсырма берген, ал Эммат имам ротацияға көнбей отыр» деп хабарлады Астанадағы ІІ Халықаралық Құран жарысын тамашалап отырған дерреккөз.
Оның айтуынша, Эммат имамды ротациялау мәселесі Құран жарыстың үзілісі кезінде де талқыланған, бірақ нәтижесіз аяқталды. Неге? Бұл мәселенің мән-жайын дереккөзім төмендегіше баяндапты:
«Ораз аға! Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының беделі қалмады ғой. Өзінде бедел болмаған соң бас имам Болатбек Ұласқанұлынан бірдеңе талап етуге оның қақы бар ма?!. Жағдай былай болып жатыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) бекіткен ротация ережесіне сәйкес, республика көлеміндегі имамдар қызмет ауыстырып, жаңа өңірлерге жіберілуі тиіс.
Бұл тек әкімшілік шешім ғана емес, сонымен қатар діни кадрлардың кәсіби дамуына бағытталған ұтымды қадам. Имамдарды бір өңірден екінші өңірге ауыстыруда олардың білім деңгейі, тәжірибесі, отбасылық жағдайы, сондай-ақ жаңа ортаға бейімделу мүмкіндіктері ескерілген.
Өйткені бір орында ұзақ отырған діни қызметкердің ізденісі бәсеңдеп, жаңаша дамуға ынтасы азаюы мүмкін. Ал жаңа ортаға барған адам, керісінше, қызметіне тың серпінмен кірісіп, жергілікті жамағатпен тығыз байланыс орнатады.
Алайда, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өтпеновтің осы ротациялық талабын орындауда кейбір өңірлерде кедергілер туындап отыр. Соның айқын мысалы Атырау облысында.
Атырау облысының өкіл имамы Болатбек Ұласқанұлы республикалық ротация талабын шарасыздықтан орындай алмай отыр. Себебі, Атырау қаласындағы Құспан молла мешітінде 20 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан имам Эммат Ғұмаровты қызметінен босату мүмкін емес.
Эммат Ғұмаровтың артында ықпалды қолдаушысы бар деген әңгіме көптен бері айтылып келеді. Атырау намазхандарының мәліметінше, оның «крышасы» Астанадағы Дін істері комитетінің басшысы әрі ҰҚК-нің полковнигі Қайролла Қөшқалиев. Ол атыраулық, бұрын Атырауда қызмет атқарған. Сол Эммат имамды жылы орынынан қозғағысы келмейді.
Осы жағдайдан кейін Атыраудың өкіл имамы Болатбек Ұласқанұлы мәселені шешу үшін Астанаға ұшып барып тікелей Бас мүфтиге жүгінген. Алайда, Наурызбай Өтпенов Эммат Ғұмаровты қызметтен ала алмай дымы құрып отыр.
Бұған себеп - Эммат Ғұмаровтың артында тұрған Астана дін істері агенттігінің басшысы Қайролла Қөшқалиев. Бұл жағдай ҚМДБ ротация жүйесінің бүкіл ел бойынша бірдей жүзеге асуына кедергі келтіріп қана қоймай, дін саласындағы кадрлық әділеттілік мәселесін күмән келтіріп тұр.
Міне, Болатбек имам Ұласқанұлы екі оттың ортасында қалды, Бас мүфти оған Атырауда «ротация жаса» деп тапсырма берген, ал Эммат имам «крышасына» арқа сүйеп ротацияға көнбей отыр.
Егер Эммат имам сияқты әркім таныс-тамырын алға тартып ҚМДБ жарғысыны бұза берсе, ротацияға көнбесе, онда мүфтиятта, бас мүфтиде, қала берде асыл дініміз исламда не бедел қалады?!» деп жазыпты дереккөз"деп жазды
Ораз Әлімбеков.