Танымал журналист Жазира Бегалы тағы да бір әлеуметтік жағдайды жазып, оқырмандарына жаға ұстатты деп жазады Democrat.kz.
"Кеше бір келіншек хабарласты. Аты-жөнін, қай өңірдің қызы туралы ақпаратты жазбаңыз деп өтініш білдірді.
Бір күнде өмірден түңіліп, өкініштен жан-дүнием өртеніп барады, жер отырмалап отырмын дейді. Өкіріп жылап, өксігін басқанша үндемедім. Аузымнан шыққан әр сөзімді әлеуметтік желіге жазыңызшы деп жылайды. Ой жүйрік емес пе? Қайғылы жағдай болған екен деп сабырлыққа шақырдым.
Есімін өзгерттім. Дина 4 баланың анасы. Жұбайы екеуі үйленіп, қол ұстасып Алматыға келеді. Пәтер жалдайды. Туысқандары , достары мақтаған үлгілі отбасы еді. Он жылда ерлі-зайыптының арасында ұрыс-жанжал да болады. Олар ешкімге білдірмей , өзара шешіп, бақытты отбасының бірі еді. Күйеуім еңбекқор деп сүйіктісін мақтайды.
Екеуі биыл баспана аламыз деп жоспарлаған. Дина тамыздың соңында бала-шағасын алып, төркінге қыдырып кетеді. Жоспарлаған күннен бір күн ерте оралады.
Күйеуіне “сюрприз” жасаймын деп таксимен жолға шығады. Жүйіткіген көлікпен түнгі сағат үште қалаға жетеді. “Әкең ұйықтап жатыр, таңертең сюрприз дейміз” деп балаларымен аяғының ұшымен үйге кіргенде Дина үстімнен шкаф құлағандай болды дейді.
Күйеуі мен пәтердің иесі екеуі құшақтасып ұйықтап жатыр. Дина тілімді жұтып , дауысым шықпай қалды дейді. Алаңсыз жатқан екеу де бұларды көріп, күйеуі мұның ескертпегеніне ашуланып айқайлайды.
Пәтер иесі 40 жастағы әйел екен. Көңілдес те дауды ушықтырып, “ таңертең үйді босатыңдар, бәріңді көргім келмейді “ деп шу шығарады. Динаның күйеуі оны жұбатып, екеуі үйден шығып кеткен екен.
Кеше отағасы келіп, әлгі “ашынасына үйленемін, ажырасамыз” деп шешімін айтады. Балалары “әке кетпеші” деп жылайды. Ол да қатыгез екен. Киім-кешегін жинап , көңілдесіне кетіп қалыпты.
Келіншек жұбайының үш жылдан бері көзіне шөп салғанын білмедім дейді.
- Өмірлік жарым, балаларымның әкесінің екіжүзділігіне қарап, бөтен адаммен қалай өмір сүрдім деп көзіме , құлағыма сенбеймін. Алдымда мен танымайтын, жүрегі тас басқа адам тұрды.
Апай, төбемнен тас түскендей , өзегімді бірнәрсе өртеп барады. Мен қалай байқамадым? Анама хабарластым. Әкем екеуі төбеңді көрсетпе, ел не дейді, қай бетімізбен қараймыз?"деп жазды журналист.