Жуырда иелерінің ұсталуына және миллиардтаған қаржы айналымына байланысты дау ортасында қалған Kyzdar.net сайты алаяқтардың да табыс көзіне айналған. Қостанай облысының 19 жастағы тұрғыны Алишер Жұламанов аталған платформада жалған анкета орналастырып, Астана тұрғындарын алдаған. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады деп жазады Democrat.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, Рудный қаласының тұрғыны сайтта интимдік қызмет ұсынатын бойжеткеннің атынан жалған парақша ашқан. Ол ықтимал клиенттермен қыз болып хат жазысып, алдын ала төлем талап еткен. Ақша түскеннен кейін ер адамдардың байланыс нөмірлерін бұғаттап отырған.
Жігіт жәбірленушілердің полицияға шағымдануға ұялатындығына сенген көрінеді. Алайда ол ақшаны өзінің атасының және танысының банк карталарына қабылдаған. Қаржы аударымдары күдіктінің ізіне түсуге мүмкіндік берген.
Полицияға өзін «қызға» 80 мың теңге аударып, алданып қалғанын айтқан ер адам арызданған. Тергеу барысында жас жігіттің бір жыл ішінде 29 адамнан ақша алғаны анықталды. Келтірілген жалпы шығын 1,2 миллион теңгеден асқан.
Алайда істің интимдік қызметпен байланысты болуына байланысты зардап шеккендердің көбі тергеуге қатысудан бас тартқан. Нәтижесінде тек алты адам ресми түрде жәбірленуші деп танылды.
Материалда жәбірленушілердің бірі үшін бұл оқиғаның отбасылық дағдарысқа ұласқаны да айтылады. Ер адамның жасырын әрекетін әйелі біліп қойып, соңы некенің бұзылуына әкелген.
Сотталушы ресми жәбірленуші деп танылған алты азаматқа келтірілген шығынды толық өтеген. Осы жағдайды ескерген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Камила Халил оны 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.