Лифтке мәйіт кіргізген: Пранкерлер жазаға тартылды

Лифтке мәйіт кіргізген: Пранкерлер жазаға тартылды

Қазақстан билігі пранк жасайтын блогерлермен қалай күресіп жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды Democrat.kz.  сайты BAQ.KZ -ке сілтеме жасап.

Жыл басынан бастап ұсақ бұзақылық үшін 22 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл Ішкі істер министрінің депутаттардың сауалына берген ресми жауабы.

 

Мысалы, қараша айында интернетте әдепсіз сөз сөйлегені үшін сот шешімімен “Мотиватор” деп аталатын блогер 15 тәулікке әкімшілік жауапкершілікке тартылды, лифтіде “мәйітті” қойып, балтамен шабуыл жасаған басқа да блогерлер ұсақ бұзақылық бойынша жауапқа тартылып, 15-30 тәулік мерзімге қамауға алынды, - делінген жауапта.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқыққа қайшы контент тарататын немесе Интернет желісі арқылы құқық бұзушылық жасайтын адамдарға қатысты жауапкершілік шаралары қолданылады. Халықты кеңінен ақпараттандыру үшін профилактикалық сипаттағы жадынамалар ведомстволық сайттарда, әлеуметтік желілерде, мобильді мессенджерлерде, ата-аналар, мектеп және жалпы үйлік чаттарында орналастырылған.

Құқыққа қайшы контентті (зорлық-зомбылыққа шақыру, қауіпті челленджерді, деструктивті идеяларды тарату және т.б.) анықтау мәніне әлеуметтік желілер мен интернет-алаңдарға мониторингтеу жүзеге асырылады. Заңсыз материалдарды оқшаулау және оларға қол жеткізуді шектеу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен және интернет-ресурстардың әкімшілерімен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды.

Жыл басынан бастап ақпараттық кеңістікте пранкерлерді жауапкершілікке тартуға қатысты 2 мыңнан астам жарияланым жарияланды. Құқыққа қайшы мазмұндағы 100,8 мыңнан астам шетелдік интернет ресурс анықталды. Оның ішінде қаржы пирамидасының қызметі - 15 301, порнографиялық материалдар - 24 662, интернет-казино - 4 601, электрондық казино және интернет-казино жарнамалары - 17 297, жалған ақпарат тарату - 22 063, есірткі қылмыстары желісі бойынша - 1 981, интернет-алаяқтық – 2 894, қару-жарақ - 312, суицид - 426, “Байланыс туралы” заңның нормаларын бұзу – 1 400, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуды насихаттау немесе үгіттеу – 1 193 және басқалар - 8 673.

Бүгінде осы құқыққа қайшы ресурстардың 28 554-і бұғатталған.

Қоғамдық орындарда полицияның тұрақты болуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Қаланың неғұрлым криминогендік учаскелерінде 209 стационарлық полиция бекеті орнатылған. Патруль полицейлері азаматтардың өтініштері мен арыздарын қабылдауды қамтамасыз ете отырып, тәулік бойы модульдік бекеттерде қызмет атқарады. Жалпы, Министрлік интернет-контенттің жағымсыз әсерін болдырмау бойынша тұрақты негізде профилактикалық жұмыс жүргізуде және тиісті ден қою шаралары қабылданып жатыр.

Барлық жаңалықтар