Әсет Ақмолда есімді желі қолданушысы өзінің жеке парақшасында Мәдина Ералиеваның күнделігінен естелік жазбасын жариялады, - деп жазады Democrat.kz.
Жазбада қазақтың бұлбұлы жалғыз ұлы мен бауырына алаңдайтынын анық жазған.
"Жалғыз ұлымның әкесі – белгілі театр режиссері Болат Атабаев. Ол да өзім сияқты өнер адамы ғой. «Кебенек киген арулар», «Естайдың Қорланы», тағы басқа сахналық қойылымдар Болатқа үлкен табыс әкелді. Ол ең алдымен неміс тілі мамандығын оқыған. Сосын Т.Жүргенов атындағы театр және өнер институтын бітіріп, Қарағандыдағы жалғыз неміс театрына қызметке кетті. Ол жақтан пәтер алғанға дейін мен Алматыда қалғанмын. Осы бір екі жақта өмір сүрген қиын күндер арамызға біраз салқындық түсірді. Ақыры бөлініп тындық қой. Ұлының атын Арсен деп қойған да өзі еді.
Ылғи маған демеу болып келген Сағира деген сіңлім бар. Ол өз қолымда тәрбиеленіп, көркемсурет училищесін бітірді. Тұрмыста, бала-шағасы бар. Сол сіңлім баламды көп жетеледі... Өздерің білетіндей, ұлыма қарауға онша уақытым болған жоқ. Көбінесе, концерттік сапарда жүрдім. Сол кезде көп уайымдаушы едім «менің баламды бағам деп сіңлім жалғыз қалса, обалына қаламын-ау» деп... Құдайға шүкір, қазір отбасылы.
Баяғы кішкентай Арсенім бүгінде Қазақ университетінің студенті болды. Баласын шетелге оқытуды мақтан тұтатындар көп, менің де сондай мүмкіндігім болды. Бірақ, қорықтым. Біріншіден, ол жақтың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы басқа. Балам жатбауыр болып кетуі мүмкін. Екіншіден, біздің өзімізде де мықты білім алып шығуға болады. Оның үстіне, ұлым грантпен оқуға түсті. Қаражат тапшылығынан емес, ұлыма қатаң талап қойғандықтан. Ақшаға сенбей, өз біліміне сеніп оқысын дедім.
Арсен өзім сияқты автокөлік айдайды. Мендегі «Джип», оның өз «Максимасы» бар. Түсі аппақ, менікіндей емес. Өзім де соған қызығамын, кейде. Бір кездері ел ішінде «Мұстафа Өзтүрік Мәдинаға «Мерседес» автокөлігін сыйлапты» деген сөз тарады. Бос сөз! Жалпы өнер адамының соңынан өтірік-шын аралас аңыз әңгімелер көп ереді ғой. Біздің оған етіміз үйренген. Мұстафа Өзтүрік менімен жақсы сыйласты, өнеріме тәнті болды. Бірақ ешқашан ірі сыйлық жасаған емес.Соңғы кезде балам екеуімізді ауру-сырқау айналдырып кетті. Сырт көздің сұғы жаман деуші еді... Өзімді қойшы, ұлымның денсаулығына қатты алаңдаймын! Арыстанбаб әулиеге қатарынан үш рет зиярат етіп қайттым. Баланың үстін қаптаған көз жара…
Кейде қатты шаршаймын, тіпті жай адамдар түгілі, туған-туыс, жора-жолдастан да басымды алып қашам. «Депрессия» деуші ме еді… сол қазір менің басымда бар. Мен өзімді алтын торға қамалған құстай сезінетін сәттерім де бар. Сондай сәтте машинаға отырып алып тауға, табиғат аясына кетемін. Тау ішін күңірентіп ән саламын айқайлап. Аласұрған көңілім өз арнасына қайта түскендей болады. Сосын бойымдағы артық энергияны сыртқа шығарып тастап, жеңілдеп қайтамын үйге…", - деп жазған марқұм Мәдина Ералиева.
Желі қолданушылары аталмыш естеліктен алған әсерлерін жарыса жазып, авторға алғыс айтқан.
Айта кетейік, танымал әнші Мәдина Ералиев 2000-жылдың 27-қарашасында жол апатынан қаза тапқан еді.