Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қазіргі қоғамда қызу талқыланып жатқан тіл мәселесіне қатысты билік мінберінен өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
Өз сөзінде депутат Ермұрат Бапи: Әрине, азаматтық ұстаныммен және мемлекеттік мүдде тұрғысында айтылатын сындарлы сынға шектеу болмауға тиіс. Бірақ сондай сын айтудың мүмкіндігі қоғамдық құндылық екенін тағы да бағалай білуіміз керек.
Назарбаевтың заманында демократиялық демі ішінде тұншығып, суырылып шыға алмай жүрген қоғамның тығыны сол құндылықтардың арқасында ағытылғанын мойындауымыз керек!
Иә, жаңа Конституцияның жобасына қатысты біраз сындар айтылып жатыр. Ұлттық намысы селт етіп оянған халықтың талабы теріс деп, үзілді-кесілді кереғар пікір айтудың жөні жоқ. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға тағы да болмайды”, дейді.
Сонымен қатар ол "басқа пәле – тілден" дегенді алға тартып, халықты абай болуға шақырды.
“Қазіргі халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі құбылған геосаяси әлемде біз бұл "пәленің" қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз ешкімге мойын бұрып, қорқып жүретін ел емеспіз. Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керек-ті”, дейді.
Ермұрат Бапи сөзінің сөзін: “Үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла болар еді. Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Өзінің тілін өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда, есермен егесу естінің ісі болмайды”, деп түйіндеді.