"МӘМС - түкке қажетсіз, жауып тастай салу керек құрылым" - Қажымұқан Ғабдолла

"МӘМС - түкке қажетсіз, жауып тастай салу керек құрылым" - Қажымұқан Ғабдолла

Мәжіліс депутаты, кәсіби заңгер Бақытжан Базарбек - тұтас жемқорлық жүйемен, МӘМС-пен жалғыз алысып, ақыры, сотта жеңді...

Иә, шындықты ашып, ақиқатын айтқаны үшін Мәжілістің ең батыл да белсенді депутаттарының бірі, кәсіби заңгер, қоғам белсендісі Бақытжан Базарбектің үстінен Мемлекеттік Әлеуметтік Медициналық Сақтандыру қоры «мекеменің іскерлік беделіне нұқсан келтірді» деп арыз түсіріп, депутаттың қатаң заңға тартылуын талап еткен болатын.

Ең алдымен, «ұры президент» жаманатымен тарихта қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың сыбайлас жемқорлық жүйесі кедей шегіне жеткен қазақ ұлтын «заңды түрде қыру» үшін құрған, ол-ол ма, 2020 жылғы пандемияда халыққа жәрдемдесе алмаған Мемлекеттік Әлеуметтік Медициналық Сақтандыру қорының халықтың алдында беделі бар ма екен?..

Медицина мекемелерінің де ахуалы жетісіп тұрғаны жоқ, бүгінде дәрігерлердің жағдайын жасаудың жолдарын іздеудің орнына - сынаған адамды сотқа берумен ғана айналысатын МӘМС-тің талап-шағымын сот «негізсіз» деп тапты. Бұл істің әуелден-ақ ар-намысқа, абырой-беделге қатысы жоқ болатын. Меніңше, ең әділ шешім. Өйткені, халықтың емделуіне бөлінген жүздеген млн теңгені жалған қызмет көрсету арқылы заңсыз «игерген» мекеме басшылары ар-ұят туралы сөйлесудің мәні жоқ.

Осыдан жарты жыл бұрын Бақытжан Базарбек - Әлихан Смайылов басқаратын Жоғары аудиторлық палата медицина саласындағы сорақы фактілерді жайып салды.

Турасында, жекеменшік ауруханалар өздері көрсетпеген қызмет үшін МӘМС қорынан жүздеген миллион теңгені заңсыз алғанын мойындаған, жауапкершіліктен қорқып, тіпті, айыппұл да төлеген. Сосын, кейбірінің қызмет көрсететін арнайы рұқсат лицензиясы да болмаған көрінеді.

Өз кезегінде, Базарбек нақты қылмыстық деректерді үкімет сағатында жіпке тізіп, МӘМС жүйесіндегі былықты көзге шұқып көрсетті. Бұдан шошыған біреулер депутат мәселені әрі қарай қаза түспей, оны сабасына түсіру үшін, алдымен, Базарбекке қарсы қоқан-лоққы жасады...

Дегенмен, үш жыл бұрын Жоғарғы сот басшылығын ашық сынап, құқығы тапталған азаматтарға ара түскенде қиындыққа тап болғанда да бетінен қайтпаған Базарбек ештеңені елеген жоқ.

Сот жайлы Базарбектің өзі: «Қаңтарда МӘМC-тегі ұрлық-қарлық туралы елдің Бас аудиторы Смайыловтың тұжырымы негізінде нақты деректер жария еттім. Сол кезде менің атыма бірден медициналық мекемелер тарапынан арыз-шағымдар қарша борады. Мысалы, «Салауатты Астана» ЖШС іскерлік беделін қорғау бойынша сотқа арыз түсіріп,ю, «Шипагер» ЖШС сотқа дейінгі шағым берді. Сараптама нәтижесі менің ешкімнің беделіне нұқсан келтірмегенімді анықтады. Ал, Астананың ауданаралық соты «Салауатты Астананың» арызын қанағаттандырмады. Мен жүйедегі жемқорлықты көріп, жағамды ұстадым.

Сайып келгенде, аталған кейс оң нәтиже беріп, заңнамалық өзгеріске түрткі болды. Бірнеше депутат МӘМС жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын ұсынып, Денсаулық сақтау министрлігіне лицензиясыз жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың қызметін қадағалау құзыретін қайтару жайлы ұсыныс жасадық.

Мәжілістегі әріптестер толық қолдады. Бұдан былай министрлік лицензиясы жоқ мекемелерді анықтап, олардың қызметін тежей алады. Бұған қоса, МӘМС қорының жұмысын бақылайтын болды.

Жемқорлық осынау жүйенің өне-бойына тарап кеткендіктен, әрине, әзір МӘМС толық тазарған жоқ. Ендігі кезекте Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрықтарды мұқият зерделеп, жемқорлықтың тамырын қиятын өзгерту жасауды қолға алуымыз керек», - деді.

***

Базарбекке қарсы соғыс ашқан МӘМС - ешкімнің жыртығын жамаған жоқ. Демек, мүлдем қажетсіз, зиянды, түбегейлі жауып тастайтын құрылым.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, журналист.

Барлық жаңалықтар