Мақтааралдағы масқара: Министр Жұлдыз Сүлейменоваға тұрғындар үндеу жасады

Мақтааралдағы масқара: Министр Жұлдыз Сүлейменоваға тұрғындар үндеу жасады
Қоғам белсендісі, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының азаматы Бижігіт Тұрлыбайұлы өз ауданындағы білім саласында болып жатқан проблемаларды айтып, дабыл қақты деп жазады Democrat.kz. 
 
Бижігіт Тұрлыбайұлы өзінің парақшасында:
"Құрметті Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Досбергенқызы!
Бүгінде Мақтаарал ауданының тұрғындары, ата-аналар және білім саласының жанашыр азаматтары тарапынан алаңдаушылық тудырып отырған бір маңызды мәселені Сіздің назарыңызға жеткізгіміз келеді.
 
Атап айтқанда, ата-анасынан айырылған жетім және жартылай жетім балаларға мемлекет тарапынан ай сайын бөлінетін жәрдемақы қаражатының толық көлемде аударылмауы жиілеп кетті.
 
Бұл жағдай әсіресе Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшілері тарапынан жиі орын алып отырғаны айтылуда.
 
Тұрғындардан келіп түскен шағымдарға сәйкес, облыстық білім басқармасынан "ақша жетіспеушілігі" деген сылтаумен қаражат толық аударылмай отыр деген жауап берілуде. Бұл қаншалықты шындық? Мемлекеттен арнайы бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр?
 
 Осы орайда сұрақ туындайды:
— Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшілері тағы да бұрынғыдай ақша жымқыру әрекеттерін бастап кеткен жоқ па?
— Аудандық білім бөлімі басшысы бұл жағдайға неге үнсіз?
 
 Балалардың тағдыры ойыншық емес! Мемлекет қамқорлығындағы бүлдіршіндерге тиесілі жәрдемақы — олардың күнкөрісіне, білім алуына, киім-кешегіне қажет өмірлік маңызды көмек.
 
Құрметті министр, осы мәселені өз бақылауыңызға алып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылып, жәрдемақылар толық әрі уақытылы төленуін қамтамасыз етуіңізді сұраймыз!
 
Сондай-ақ, мүмкіндік болса, Сізді Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына іс-сапармен келуге шақырамыз. Халықпен, ата-аналармен, білім саласының мамандарымен жүздесіп, мәселелерді көзбен көріп, нақты шешім қабылдауға түрткі болар едіңіз.
 
Сіздің келуіңіз – тұрғындар үшін үлкен қолдау және сенім болар еді"деп жазды. 
Барлық жаңалықтар