Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі марқұм әнші Мәдина Ералиеваның дүниеден өтуіне байланысты жүрекке ауыр тиетін естеліктерімен бөлісті. Ол бұл туралы «Сұрауы бар» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Democrat.kz.
Композитордың айтуынша, Мәдина Ералиева 27 қараша күні өмірден өткен. Ол 1 желтоқсанда Мұхтар Шахановтың шығармашылық кешінде ән айтуы тиіс болған.
«Мәдина Ералиева 27 қарашада қайтыс болды. 1 желтоқсанда Мұхтар Шахановтың кешінде ән айтуы керек еді. Туған әпшемдей болған әншінің өлімін Жеңіс Ысқақованың күйеуі естіртті. Ақсайда тұратын Сағира сіңлісінің үйіне барып, азан-қазан болдық. Денесін арнайы ұшақпен Алматыға әкелді. Бәріміз әуежайға бардық», – деп еске алды ол.
Оның сөзінше, сол кезде облыс әкімі мәйітханаға баруды өтінген. Мәдинаның денесімен бір ұшақта Болат Назарбаев та келген.
«Облыс әкімі мені мәйітханаға жіберді. Болат Назарбаев ұшақта бірге келе жатты. Мәйітханада денесін ашты. Болат Назарбаев өлтіріп қойды ма, әлде өзі қайтыс болды ма – соны білгім келді. Бірінші күйеуі Болат Атабаев көрсін дедім. Сол жағынан соққы болған екен. Ал Болат Назарбаевтың оң қолы сынған. Демек, Мәдина Ералиева рөлде отырған. Сол сәтте Болат Атабаев құсып жіберді. Мен де ток соққандай болдым», – деді композитор.
Қалдыбек Құрманәлінің айтуынша, осыдан кейін Болат Атабаев оның жанына келіп, өз күдігін білдірген.
«Болат Атабаев: “Мен Болат Назарбаев қызғанышпен өлтіріп қойды ма деп ойлап едім, саған рахмет”, – деді. Айтайын дегенім, Мәдина Ералиева өз ажалынан қайтыс болды. Болат Назарбаевтың азаматтығына риза болдым. Ол жерлеуге, мейрамханаға 20 мың доллар берді. Барлық шығынды өзі көтерді», – деп түйіндеді өнер қайраткері.