Мұрат Бисембиннің жаназасында актердің әкесі ұлы туралы жантебірентерлік сөзін айтып, көпшіліктің көңілін босатты, деп жазады Democrat.kz.
Азалы жиында марқұмның әкесі баласынан айырылу ата-ана үшін орны толмас қасірет екенін жеткізді.
Ол ұлының дерті туралы да айтып, көзіне жас алды. Айтуынша, соңғы уақытта актердің денсаулығы күрт төмендеп, өздігінен жүруі қиындап, тамақ іше алмай қалған.
«Ауырғанына бір жарым жыл болды. Башқұртстанға да барып емделді. Бұған дейін «жаман ауруға» қарсы тұру керек, күресу керек деп жүретін. Бірақ кейінгі кезде қатты қиналып кетті. Жарты ай бұрын инсульт алды. Орталықта 11 күн жатты. Кейінгі кездері тамақ та іше алмай қалды. 8 қаңтарда таңғы сағат 8-де хабарластым. Сол кезде «Мұрат кетіп қалыпты» деген қаралы хабар келді. Не айтарымды білмедім… Ата-ана тірі кезде баласын жерлеу – көтере алмайтын қасірет. Ол мені жерлеуі керек еді, ал енді мен оны жерлеп жатырмын…», – деді ол.