Батыс Қазақстан облысында көлік жүргізуге жеті жылдық тыйымы бола тұра, қайтадан мас күйінде рөлге отырған азамат бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оған өмір бойы көлік басқаруға тыйым салды, деп жазады Democrat.kz.
Іс Шыңғырлау ауданының тұрғынына қатысты.
Ер адам бұған дейін де мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сол кезде сот оған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындап, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырған.
Оның көлік басқару құқығына қойылған шектеу 2030 жылға дейін күшінде болуы тиіс еді.
Соған қарамастан азамат қайтадан алкогольдік масаң күйде рөлге отырған. Бұл жолы оның әрекеті қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қаралды.
Сот айыпталушының бұған дейінгі жауапкершілігін және әрекетінің қоғамға қауіптілігін ескеріп, бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен бірге ол өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.