Мәсімовтің экс күйеубаласы сұмдық мәлімдеме жасады

Мәсімовтің экс күйеубаласы сұмдық мәлімдеме жасады

5,2 млрд теңге жымқырды деген күдікпен халықаралық іздеу жариялаған Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов БАҚ өкілдеріне байланысқа шықты, деп хабарлайды Democrat.kz. 

Elmedia басылымының мәліметінше Мәскеуде немесе Еуропада жасырынып жүр деген қашқын бизнесмен редакцияға өзінің Қырғызстан азаматы екенін растайтын төлқұжатын көрсетіп бейнежазба жолдаған. Қазіргі уақытта ол Бішкекте болуы мүмкін.
Қапенов 2018-2019 жылдардан бері Қазақстанда мүлдем болмағанын және сот төрелігінен әдейі қашпағанын айтты.

 Халықаралық іздеуге ілінгенін Біріккен Араб Әмірліктерінде жүргенде мәскеулік адвокаттарынан естіген. Өзінің таныстары арқылы ақпаратты тексерген кезде оған елден ұшып шығуға тырысса бірден тұтқындалатыны ескертілген. Сондықтан ол Әмірліктерде қалып қойғанын және сол жақтан ешқандай мәлімдеме жасай алмағанын жеткізді.
«Олар екіжақты келісім бойынша өте тез ұстап береді, ұшаққа отырғызады да жібереді, бұл Еуропа емес, Еуропа сенімді», - деді Қапенов.

Сондай-ақ ол Қырғызстан төлқұжатын қалай алғаны және Достық станциясындағы өзіне тиесілі үлкен логистикалық хабтың қалай тәркіленгені туралы алдағы уақытта толық айтып беруге уәде етті.
«Оқиға ауқымды, өте ықпалды адамдар, бәрін саралап алу керек», - деді ол.

Еске сала кетейік, 14 сәуір күні Қаржылық мониторинг агенттігі «ҚазТемірТранс» мекемесінің бұрынғы вице-президенті Азамат Қапеновке іздеу жариялаған болатын. 1978 жылы Қырғызстанда туған ол бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің үлкен қызы Тамилла Кәрімнің бұрынғы күйеуі ретінде танымал.

Барлық жаңалықтар