Мәскеуде Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің отставкадағы генерал-майоры, 83 жастағы Игорь Лаптев өлі табылды. Ресейлік БАҚ алдын ала мәлімет бойынша оның өзіне қол жұмсағанын хабарлады, деп жазады Democrat.kz.
Игорь Лаптевтің денесі 20 тамызда Мәскеудегі Верхняя Красносельская көшесіндегі үйінен табылған. Оқиғаның нақты себебі әзірге ашық жарияланған жоқ.
Лаптев кезінде Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысқан. Кейін ұзақ жылдар КГБ мен ФСБ жүйесінде қызмет етіп, ақпараттық қауіпсіздік мәселелерімен айналысқан. 1990-жылдардың соңында Ресейдің салықтар мен алымдар жөніндегі министрінің орынбасары қызметін атқарған. Кейін «Информтехника» компаниялар тобының директорлар кеңесін басқарған.
Бұл Ресейдің жоғары шенді бұрынғы әскери қызметкеріне қатысты биылғы алғашқы осындай жағдай емес. Мамыр айында Мәскеуде радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің бұрынғы басшысы, 87 жастағы генерал-полковник Станислав Петров та өлі табылған еді. Құқық қорғау органдары сол кезде алдын ала нұсқа ретінде өзіне қол жұмсау жағдайын қарастырған.
Алайда екі оқиғаның арасында байланыс бар екені жөнінде ресми дерек жоқ. Сондықтан оларды Ресей күштік құрылымдарындағы белгілі бір «үрдістің» дәлелі деп көрсетуге әзірге негіз жеткіліксіз.