Астана Мәскеуге санкциядан жалтаруға мүмкіндік беретін каналдарды біртіндеп тарылта бастады жазады Democrat.kz. Ertenmedia-ға сілтеме жасап.
Атап айтқанда шектеуге ілінген тауарлардың Ресейге қайта экспортталуына тосқауыл қоятын бақылаудың жаңа ережесі енгізілген. Жүйе кемінде бір жыл бойы қолданыста болады Украин сыртқы барлау қызметіне сілтеп.
Жаңа ережеге сәйкес санкция тізіміндегі және қос мақсатта қолданылатын тауарларды экспорттау үшін ендігі жерде міндетті лицензия алу талап етіледі.
Сондай-ақ Еуроодақ, АҚШ және Ұлыбританиядан әкелінген тауарға қатаң бақылау орнатылады. Бұдан былай мұндай өнімдердің ТМД аумағына, әсіресе Ресейге қайта экспортталуына тыйым салынған.
«Қазақстан санкцияға ресми қосылмаса да «қара тізімдегі» тауардың транзитіне қарсы күрес мәселесінде Батыстың сөзін сөйлейтінін аңғартты. Астана Мәскеудің қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне ауадай қажет тауарларға қолжетімділікті біртіндеп шектеуге дайын екенін көрсетіп отыр», — дейді осы тұста Киев тарапы.
Украина сыртқы барлау қызметінің пайымдауынша, Қазақстан осылайша Батыс елдері мен Ресей арасында тепе-теңдік сақтай отырып, орыстардың санкцияны айналып өту тәсілдерін барынша тарылтуға кіріскен.
Айта кетелік Нью-Йорк сапары аясында президент Тоқаев Украина басшысы Владимир Зеленскиймен маңызды келіссөз жүргізген болатын. Мемлекет басшысы Астананың соғыстан кейінгі Украинаны қалпына келтіруге әзір екенін жеткізіп, әлсіреп қалған экономикалық байланыстарды қалпына келтіруді ұсынған. Ақорда Украинаны қалпына келтіру жұмысына қазақстандық бизнестің қатысқанын қалайды.