Қазақстан Парламенті депутаттары «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын ұсынды. Құжат өңірлердің дербестігін арттыруға және жергілікті биліктің тиімділігін күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Orda.kz.-ке сілтеме жасап.
Заң жобасына сәйкес, тұрғындардың шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі кеңейтіледі. Атап айтқанда, «жиналыс» пен «жиын» ұғымдары нақты ажыратылып, жиын өткізудің хабарламалық тәртібі енгізіледі. Сондай-ақ аумақтық кеңестердің жұмысы қайта жанданып, жергілікті деңгейдегі басқаруға халықтың қатысуы арта түседі.
Құжатта мәслихаттардың рөлін күшейту де қарастырылған. Енді депутаттар әкімдердің халықпен кездесулерінен кейінгі жоспарлардың орындалуын бақылауға қатыса алады, бюджетке өзгерістер ұсыну құқығына ие болады және коммуналдық нысандарды басқаруға араласады. Сонымен қатар депутаттық сауалдар ашық түрде жарияланып, олардың әлеуметтік кепілдіктері кеңейтіледі.
Бұдан бөлек, мәслихат аппаратының жұмысы күшейтіледі. Аппарат басшысын тағайындау және қызметтен босату құзыреті мәслихат төрағасына беріледі, ал басшы кадрлық мәселелерді дербес шешеді.
Заң жобасы өңірлердің қаржылық дербестігін арттыруды да көздейді. Жергілікті бюджеттерге қосымша түсім көздері беріліп, қаражатты бөлу кезінде жергілікті органдардың мүмкіндігі кеңейеді. Сондай-ақ мәслихат қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін отырыстарды онлайн көрсету және құжаттарды жариялау талаптары енгізіледі.