Белгілі тележүргізуші, әнші әрі актриса Аша Матай Қазақстан халық партиясының съезіне қатысып, Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізіміне енгенін мәлімдеді деп жазады Democrt.kz.
Ол бұл қадамын жай ғана формалды қатысу емес, саналы түрде қабылданған шешім әрі өміріндегі маңызды кезең деп атады.
“Мен партияның Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізіміне ендім. Бұл — үлкен жауапкершілік”, — деді Аша Матай.
Өнер иесінің айтуынша, оған партия ұстанып отырған әлеуметтік әділеттілік, азаматтардың мүддесін қорғау және қоғаммен ашық диалог құру қағидалары жақын. Ол бұл құндылықтарды өзінің кәсіби қызметінде де, жеке өмірінде де маңызды санайтынын жеткізді.
Аша Матай медиа және шығармашылық саладағы тәжірибесін партия жұмысына бағыттауға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, ол әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, командалық жұмысты күшейтіп, партиялық коммуникацияның дамуына үлес қоспақ.
“Мен үшін тек өз тәжірибеммен бөлісу ғана емес, өзімнің де өсуім маңызды. Жаңа сын-қатерлерді қабылдап, үйреніп, үздіксіз даму қажет”, — деді ол.
Сонымен қатар Аша Матай нақты өзгеріске тек жүйелі жұмыс, адалдық және халықпен тікелей байланыс арқылы жетуге болатынын атап өтті.
“Ең бастысы — халқымыздың игілігі үшін еңбек ету”, — деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан халық партиясы Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімін XXV кезектен тыс съезінде ұсынды. Партиялық тізімге түрлі сала өкілдері, соның ішінде депутаттар, дәрігерлер, заңгерлер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері және шығармашылық саланың өкілдері енген.
Аша Матайдың саясатқа қадам басуы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі танымал тұлғалардың саясатқа келуін қоғаммен байланыс орнатудың жаңа тәсілі деп бағаласа, енді бірі депутаттыққа үміткер адамның танымалдығынан бөлек, нақты саяси ұстанымы мен бағдарламасы болуы керек екенін айтуда.
Дегенмен Аша Матайдың өзі бұл шешімін жауапкершілікпен қабылдағанын және халық игілігі үшін жұмыс істеуге ниетті екенін мәлімдеді.
Аша Матайдың осы жазбасына оқырмандарының басым бөлігі "қоя салшы, саясат сенің не теңің", "жетіскен екенбіз", "қазақша жаза алмай отырып, депутат болғысы келе ме", "құрылтады қалаулымға айналдырмақ па?" "масқараның көкесі - осы" дегенге саятын пікірлер жазуда.