ТикТок әлеуметтік желісінде дәрігер офтальмолог Айнұр Боранбекқызы біздегі медицинадағы сорақы былықтар туралы айтып, Президенттен көмек сұрады деп жазады Democrat.kz.
Денсаулық саласында жұрт арасында болмаса, нақты дәрігерлер тарапынан айтыла бермейтін сұмдық шындықтар жарыққа шыға бастады.
Медицина саласындағы мұндай масқараларды Ақмола облысының офтальмолог дәрігері Айнұр Боранбекқызы еш бүкпесіз әлеуметтік желіде айтуды бастады.
Қызуы ғана көтеріліп тұрған баланы ауруханаға апарған соң, осыған дейін еш білінбеген мүлде басқа ауруы бары ортаға шығатын жайттар көп кездеседі. Солай ма?
Міне, осындай жағдайларға қатысты дәрігер Айнұр Боранбекқызы денсаулық саласындағы нағыз сұмдықтың қалай жасалып жатқанын жасырмай айтып, қудалауға ұшырады.
Сау баланы дәрігерге көрсетіп, нәтижесінде дәрігердің белгілі бір ауруы бар деген диагноз қою белең алғаны, мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын сұраған оқырманның сұрағына дәрігер Айнұр Боранбекқызы:
"Иә, біздегі система (жоғары жақ) дәрігерлерге солай жасауды мәжбүрлейді.
Мысалы, маған жай ғана бала тексерілуге келсе, ол балаға бір диагнозды қой дейді. Мен баланы қарап, "сау" десем, маған бәрібір ол балаға "диагноз қой" дейді.
Ал егер мен диагноз қоймай, "бала сау" десем, система мұнымды "қате" деп айыппұл салып, неше түрліні жасайды.
Система бізді, яғни дәрігерлерді қысып жатыр, өтірікші де етіп жатыр" дейді.
Яғни, "алдыңа келген сау балаға "пәлен деген аурусың деп диагноз" қой деп "система" бұйырады екен. Бұл жердегі система дегенді денсаулық саласына жауапты төбедегі дөкейлер деп түсінген дұрыс шығар.
Дәрігер Айнұр Боранбекқызының осы мәлімдемесінің астында жазылған пікірлер (төменде) тіпті жаға ұстатады.



