Ақтөбелік мұғалім Әділова Айжан мектеп басшылығы тарапынан көріп жүрген қысымдары мен әділетсіздіктері туралы жан айқайын жеткізіп, әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін айтады деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында Әділова Айжан: "Мен Ақтөбе қаласындағы “Ә.Марғұлан атындағы 71ЖББОМ” КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімімін.
Соңғы бірнеше жыл ішінде басшы тарапынан жұмыс орнында психологиялық қысым мен әділетсіздікке тап болып келемін. Осы жағдайға байланысты денсаулығыма зиян келіп, ем қабылдауға мәжбүр болдым. Мектепке бірнеше рет жедел-жәрдем келді. Мен түрлі білім саласына қарасты мекемелерге, құзырлы органдарға бірнеше рет жүгіндім.
Әлеуметтік желіге жазған жазбамнан кейін қала журналисттері хабарласып, видео жазып, жариялайтынын айтты.
Кейін белгісіз себептермен істі тоқтататынын түсініксіз тұспалдап, мені бұғаттады.
Бірнеше жыл әділ шешім таппай келемін. Мен “үздік сынып жетекші” деп танылған маманмын, ата-аналармен қарым-қатынасым өте жақсы. Алайда тек өз ойым болғаны үшін, басшының жеке көзқарасы үшін ар-намысым тапталып, жұмыс жасауыма кедергі келтіріліп жатыр.