"Мектеп директорларының масқара әрекеттері": Қоғам белсендісі үндеу жасады

"Мектеп директорларының масқара әрекеттері": Қоғам белсендісі үндеу жасады

Қоғам белсендісі Құрал Сейітхан әлеуметтік желідегі парақшасында кей мектептердегі директорлардың әрекетіне қатысты мұғалімдерден жиі шағым түсетінін айтып, кей директорлардың сорақы тірліктері туралы мәлімдеді деп жазады Democrat.kz.

Құрал Сейітханның айтуынша, кейбір білім беру мекемелерінде мұғалімдерден ай сайын ақша жиналады деген күдік бар. Сондай-ақ қарсы пікір айтқан ұстаздарға қысым көрсетіліп, сөгіс жариялау немесе жұмыстан шығару арқылы қорқыту фактілері кездесетінін жазды.

"Үнемі мектеп мұғалімдері көмек сұрайды. Қол астындағы мұғалімдерден ай сайын мәжбүрлеп ақша жинайтын тиран директордан құтқарыңыз дейді. Тиран директорлар өздеріне сәл қарсы келіп қалған мұғалімдерді қудалауға ұшыратып, әр бәлені сылтауратып, қатаң сөгіс беріп, соңында жұмыстан шығарады.
 
Бұнысы - басқа мұғалімдерге сабақ болсын, ендігәрі ешқайсысы маған қарсы шықпайтын болсын дегені. Яғни диктаторлық, жемқорлық жүйе мектептерден бастау алып жатыр. Кім оған қарсы келеді, сол қудалауға ұшырайды.
 
Тиран директорлар кәсіподаққа деп жиналған қаражатты, мектепке А4 қағазын, бор алуға, т.б ұсақ түйекке бөлінген мемлекеттің ақшасына дейін жымқырып алады. Нәтижесінде осы заттарды біз өз қаражатымызға алуға мәжбүрміз дейді мұғалімдер. Облыстық Білім Басқармасынан мектептерге комиссия келетін болса да, олардың шығынын мектеп мұғалімдерінің мойнына іліп қойған. Бұл қалай сонда? Рахат екен ғой бұлардікі.
 
Менен көмек сұрап шығатын мұғалімдерге ескерту! Тасада тұрып ақпарат берудің қажеті жоқ. Сіздің мектебіңізде осындай мәселе бар ма? Одан құтылғыңыз келе ме?
 
 Ендеше мен барған кезде камераға осыны нақты дәлелдермен айтуға дайын болыңыздар. Мүмкін болса ұжыммен айтқан дұрыс. Мысалы бұған дейін Түлкібас ауданының мұғалімдері, Фердауси мектебінің мұғалімдері камераға қарап ашық түрде мәлімдеме жасады.
 
Егер камераға қарап шындықты айта алмайсыз ба? Онда сізге әділдік керек емес. Тиран директордың айтқанына көніп, илеуіне езіліп жүре беріңіз", дейді қоғам белсендісі.
Барлық жаңалықтар