Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналар арасында мектеп формасын сатып алу мәселесі қайта қыза түсті деп жазады Democrat.kz.
Алматы облыстық Білім басқармасы мектеп әкімшіліктеріне арнайы ескерту жасап, ата-аналарды белгілі бір өндірушіден, брендтен, ательеден немесе нақты бір дүкеннен киім сатып алуға мәжбүрлеуге құқығы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.
Заңда не жазылған?
Ведомство өкілдерінің айтуынша, мектеп формасына қойылатын талаптар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің № 26 бұйрығымен реттеледі.
-
Мектептің құқығы: Оқу ошағы оқушылардың сырт келбетіне байланысты бірыңғай стильді, түсті және жалпы талаптарды айқындай алады.
-
Шектеу: Мектеп әкімшілігі ата-аналарға киімді қай жерден сатып алу керектігін таңуға немесе таңдау құқығын шектеуге тыйым салынады.
-
Ашықтық: Мектеп формасына қатысты кез келген шешім ата-аналар қауымдастығының қатысуымен, ашық түрде және заңнама аясында ғана қабылдануы тиіс.
Білім басқармасы бұйрық талаптары бұзылған жағдайда шағымдар бойынша арнайы тексеру жүргізілетінін және кінәлі тұлғаларға қатысты заңға сәйкес шара қолданылатынын хабарлады.
Ата-аналар не дейді?
Ресми мекемелер «заң бұзылмасын» деп жатқанымен, әлеуметтік желідегі ата-аналардың пікірі басқаны көрсетеді. Желі қолданушыларының жазбаларынан мектептерде бұл заңның жиі айналып өтілетінін байқауға болады:
-
«Астанадағы №27 мектеп форманы тек "Молодёжки" дүкенінен алуды талап етті. Себебі онда мектеп эмблемасы бар екен. "Эмблеманы бөлек сатыңыздар, өзім тігіп аламын" десем, мектеп өкім еткенін айтып келіспеді. Ал басқа жерден ол кофта мен бомберді арзанырақ алуға болатын еді»
-
«Апрельде форма болады, келісімшарт жасалды деп айтқан. Биыл бәрі наразылық білдіре бастаған соң үндемей қалды»
-
«Форма киген дұрыс, бірақ бағасы ақылға қонымды болуы керек. Кейбір мектептер сияқты белгілі бір орындарды таңбай, еркіндік бергені жөн»
-
Көпшілік оқытушылар мен мектеп басшылығы тарапынан қысым болатынына сенбей: «Шілдеде-ақ тізімді интернетке салып қойды. Бұл ескертулерге мүлде сенбеймін», «Жаңа форма енгізіп жатыр, заңға түкіргендері бар. Мектеп басшылығы орынында тым ұзақ отырып қалған, ауыстыратын уақыт келді» дегенге саятын пікірлер жазуда.
Заң бойынша ата-ана мектеп бекіткен түс пен стильге сай киімді кез келген базардан, дүкеннен немесе ательеден алуға құқылы. Егер мектеп әкімшілігі белгілі бір дүкеннен алуды міндеттесе, бұл – тікелей заңбұзушылық. Мұндай жағдайда жергілікті Білім басқармасына немесе білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне шағымдануға болады.