Павлодар ауданының Әйтім ауылында шағын елді мекендерді дамытуға арналған қоғамдық жиын өтіп, тұрғындар жабылып жатқан ауылдар мен ішкі жолдардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды Democrat.kz.
Биыл өңірде алты елді мекен жабылса, оның екеуі Павлодар ауданындағы Максимовка мен Даниловка ауылдары. Бұл жерлерде небәрі төрт-бес үй ғана қалып, мектепте оқитын бала саны күрт азайғандықтан оларды ірі округтерге қосу туралы шешім қабылданған.
Аудан әкімінің орынбасары Хамза Оразбековтің мәліметінше, қазір аймақта 1600-ден астам кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр және олар 2025 жылдың үшінші тоқсанында 48,6 млн теңгенің өнімін шығарған.
Жиын барысында тұрғындар ішкі жолдардың сапасыздығына шағымданды. Аудан әкімі Дидар Ибраев барлық көшені бірден жөндеу мүмкін емес екенін айтып, биыл тек Черноярка, Богдановка және Әйтім ауылдарының жолдарына асфальт төселетінін мәлімдеді.
Пресное ауылының тұрғыны Қымбат Ахметова жастардың тұрақтап қалуы үшін мектепте міндетті түрде қазақ сыныптарын ашуды сұрады. Аудан әкімі бұл мәселені жедел қарастыруды білім бөлімінің басшысына тапсырды. Сонымен қатар Қаратоғай мектебіндегі спорт залды жөндеу мәселесі де көтеріліп, шенеуніктер оны облыстық басқармамен бірлесіп шешу жолдарын қарастырып жатқанын жеткізді.
Заря округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Ысқақов Жертұмсық ауылында бастауыш мектеп ашылмаса, тұрғындар жаппай көшуге дайын отырғанын айтып, жергілікті әкімнің халық алдына сирек шығатынын сынға алды.
Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытбек Баткеев ауыл әкімдерін аптасына бір рет шағын елді мекендерге барып, халыққа ашық қызмет көрсетуге шақырды. Жиын соңында аудан басшысы Дидар Ибраев көтерілген барлық мәселе бақылауға алынатынын айтып уәде берді.