ТикТок әлеуметтік желісінде білім саласына қатысты проблемаларды көтеріп жүретін белсенді мұғалім Азамат Сәмбетқұлов "мешіт рухани тәрбие береді" деп, жұртты жұма намазға баруға шақырды деп жазады Democrat.kz.
"Молдалар мұғалімдер туралы не айтып жатыр? Біреу білер, біреу білмес, арғы аптада мешіттегі жұма намазында уағыз тақырыбы "ұстаздарды құрметтеу" тақырыбы болды" деген белсенді ұстаз имамның ұстазды құрметтеу туралы көп дүниелер айтқанын алға тартты.
"Біздің ұлт зиялылардың бәрі, данышпан, даналарының бәрі ең алғашқы тәрбиені, білімді мешіт, медреседен алды. Ал біз не істеп жатырмыз? Молдаларды, имамдарды жамандап жатырмыз. Мешіттерді жабу керек, имамдарға ақша бермеу керек деп жатырмыз.
Жан мен тәніңді тазалап, шынайы патриотизмге тәрбиелегің келсе, мектеп балаға тәрбие беретін болса, еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін мешітте рухани тәрбие беріледі. Сол үшін руханиятыңды көтеріп, жаныңды тазалағың келсе, жұмадан қалмаңыздар" деді Азамат Сәмбетқұлов.
Белсенді ұстаздың мынадай үндеуі діни түсініктегі кісілерге майдай жаққаны сондай, оған алғыстарын тоқтаусыз жаудыруда.
Алайда... Қазақстан Республикасы діни мемлекет емесін, зайырлы ел екенін ескерсек, білдей мектепте балаға зайырлы білім беруге міндетті мұғалімнің әлеуметтік желіде ашықтан ашық "жұма намазға шақыруы" заңымызға томпақ емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?