Мектеп оқушыларын концертке апарып, діни кітап таратқан

Мектеп оқушыларын концертке апарып, діни кітап таратқан
Қоғам белсендісі Бибімария Қарабалаева мектеп қабырғасында балаларға діни кітап таратылып жатқанын айтып, дабыл қақты деп жазады Democrat.kz. 
 
"Діни ағым туралы кітап — оқушыға міндетті ме?
Түркістан қаласының Н. Төреқұлов атындағы №8 мектебі балаларды сабақ кезінде босатып, Конгресс-холға апарып, осындай мазмұндағы кітапты тегін таратса — бұл қаншалықты дұрыс?
 
“Әнші келді” деп кез келген адамның қолына бала ұстата берсе, ертең сол “жұлдыздардың” қай ағымда жүргенін кім дәлелдеп береді?
 
Мектеп — миссионерлердің сахнасы емес.
Балалар — тәжірибе жасайтын объект емес.
Сабақ уақыты-қасиетті уақыт. Баланың санасын күмәнді діни кітаптармен уламау керек. Бала біздің болашағымыз дейміз.
 
Бірақ Түркістан қаласының саясат бөлімі мен облыстық саясат бөлімі не істеп отырсыздар? Өз балдарыңызға осындай күмәнді діни ағымдағы кітапты берер ме едіңіздер?
 
Ең қызығы: сол әншілердің өзі қандай идеологияда, қандай ағымда жүргенін ешкім тексермей ме?
Мына фотода балалардың қолдарында күмәнді діни кітаптар бар. Бала оның не екенін қайдан ұқсын.
 
Айдар деген әншінің қолында да діни туралы кітап. Балалар "жұлдыздарға" еліктейді. Соны біле тұра, мынау әнші де діни кітап ұстап алыпты. Жұрттың балдарынан аулақ, өз балдарына діни ағымды оқыта берсін.
 
Мектеп — білім ошағы.
Мектеп — діни насихаттың, күмәнді іс-шараның алаңы емес.
Қазіргі кезде түрлі ағымдар танымал адамдарды жарнама ретінде пайдаланып отыр. Ал біз балаларымызды соған еріксіз тасымалдап жүрміз.
 
Сонда:
– бұл шараның мазмұнын ата-аналарға біреу түсіндірді ме?
– кітапты кім мақұлдады?
– оқушының сабағын үзуге қандай негіз бар?
– мектеп әкімшілігі балалардың қауіпсіздігі мен санасына кім жауап беретініне есеп береді ме?
Ата-ана ретінде талабым:
– діни мазмұндағы кітаптарды мектеп арқылы таратуды доғарыңыздар;
– сабақ кезінде бала ешқандай күмәнді шараға апарылмасын;
– кез келген іс-шара ата-анамен алдын ала келісіліп өтсін.
Балалардың тәрбиесі — жауапкершілік.
Онымен ойнауға болмайды" деп жазды қоғам белсендісі.
(Мақаланы ұрлап, көшіріп басатын сайттарды заңмен жауапқа тартатынымызды ескертеміз!)
Барлық жаңалықтар