"Мектепте ақша жинау": Не рұқсат беру керек, не белсенді шешелерді абақтыға ату керек

"Мектепте ақша жинау": Не рұқсат беру керек, не белсенді шешелерді абақтыға ату керек

Жылдағы "жаттанды дәстүр" бойынша биыл да мектеп бітірушілердің банкеттері, аттестат алу, соңғы қоңырау, кортеж сынды дүниелерге ақша жинау туралы дау туындады. Алматыдағы кәдімгі мектептердің бірінде 11-сынып оқушысының анасы мектептегі шектен шыққан ақша жинау мәселесіне наразылық білдіріп, видео жариялады деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған "мектепте ақша жинау" туралы ашынған ананың видеосы әдеттегідей қызу талқыға түсті.

Баласы мектеп бітіретін әйелдің айтуынша, сыныптағы әр оқушыдан 200-300 мың теңге аралығында қаражат талап етілуде екен.

Өкініштісі, проблема жылдағы "жаттанды әдетпен"  тағы да қайталанды деуге болады. Шу тудырған видеоға қатысты Алматы Білім басқармасы "мектептерде ақша жинауға тыйым салынғанын" айтты. Қызметтік тексеріс басталғанын, мектеп басшысына ескерту жасалғанын мәлімдеді. Бітті. 

Проблеманың соңы да әдеттегідей түрлі ескертулермен аяқталары сөзсіз. Неге "әдеттегі, жаттанды" деп отырмыз?

Себебі, миллиондап ақша жиналатын мектептегі бұл мәселеде ешкім жазаланбайды. Себебі, "мектептің ақша жинауға қатысы жоқ". Ал ақша жинағыш белсенді шешелерді заңмен жазалап, түрмеге жабу деген заң жоқ.

Ешкім жазаланбаған соң, жылда осылай жалғасып, қайталана береді. 

Дәл қазір еліміздің барлық өңіріндегі мектеп бітіруші сыныптардың бәрінде түрлі сомаларда ақша жиналып жатқанын жұрт біледі. Жиналып жатқан сома 5-10 мың теңге көлемінде емесі де анық. Алайда "тыйым салынған" бұл ақша жинау бойынша бүгінге дейін ешкім жазаланбаған. Содан болса керек, мектепте "ақша жинау" науқаны да тоқтаған емес. Тоқтамауы да мүмкін. Неге? Себебі, ешкім жазаланбайтынын біледі. 

Күні кеше Президентке үндеу жасап, мектептегі ақша жинауға байланысты бар шындықты айтқан әйелдің видеосына қатысты жазылған пікірлерді бір қарап шығыңызшы. 

Педагогтар тарапы "біз ешкімге ақша жина демедік" деп проблемадан сиырылып шықса, ал баласы мектепте оқитын ата-аналардың басым бөлігі "сені ешкім бер деп қинамайды ғой, берсең, балаң үшін бересің, балаңның қуанышы үшін бермегенде, қашан бересің" деп заңсыздықты айтқан әйелге кінә артып отыр. Жалпы, қоғамда осындай түсініктегі пенделер барда, ақша жинау дегенді ешкім тоқтата алмасы сөзсіз.Қайтпек керек? 

Бұл даудың тек екі жағдайда нүктесін қою мүмкіндігі бар. Бірі - ақша жинағыш белсенді шешелердің бәрін жауапқа тартып, тіпті бірер күн абақтыға атса, басқалары аяқ тартып, желпілдемейтін болады. Екіншісі бәрін жылы жауып, бәріне көз жұмып, ақша жинауға рұқсат беру. Әлде, басқа жолы бар ма? Сіз қалай ойлайсыз?

Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар