"Мектепте дін туралы айтатын мұғалім - оқушының бірінші жауы"

"Мектепте дін туралы айтатын мұғалім - оқушының бірінші жауы"
Әлеуметтік желіде мектеп оқушысына діни сенімін тықпалаған мұғалім туралы жазба тарады деп жазады Democrat.kz. 
 
Танымал философ Әбдірашит Бәкірұлы парақшасында бөліскен бұл жазба зайырлы елдің әрбір мұғаліміне ой салады деген үмітпен назарларыңызға ұсынып отырмыз. 
 
“Әжетханаға кіретін адамға екі жебрейіл періште қарап тұрады" дегенді  3- сынып оқитын қызыма сынып жетекшісі айтқан.
 
..Жұмыстан үйге келсем, кенже қызым үшінші сынып оқитын, бір түрлі, жүрісі сөлекет , қуығы сыздаған балалардай, екі бұтын қысып алған, қатты қиналғаны түрінен шығып тұр.
 
Қызым, не болды саған? — деп сұрадым.
- Анашым - деп жыламсырап: “Мен әжетханаға барғым кеп тұр”, — деді.
 
“Бара ғой, әжетхана тұр ғой,” — деп едім.
“Қорқам, сіз бірге кіріңізші,” — деді.
 
Мен ұрсып: “Қызым, күнде өзің кіріп жүрсің ғой, үш жастағы бала емессің,” — деп едім, жылап: “Анашым , қорқам,” — деп бұтына жібере салды.
 
Шошып кеттім: “Бір жерің ауырып тұр ма? Қуығың ауырып тұр ма?” — деп сұрадым. Ол: “Жоқ, еш жерім ауырмады,”
 
Апайым маған: “Әжетханаға кіргенде "бисмилла" деп кіріңдер, әжетхананың бұрышында екі жебірейіл періште қарап отырады ” — деп айтты. “Мен қорқам,” — деді.
 
Ой, жынданып кетердей боп ашуландым. Сонда білім беретін жерде осындай әңгімені айтқан ба?
Мектеп меңгерушісіне барам деп шештім. Қызымды жуындырып, тамағын беріп, оған біраз кеңестер бердім.
 
Әжетханада ешқандай періште - меріште не жын жоқ. Ол жер тек адамның денесіндегі артық заттар мен нәжісті төгетін жер, қорқып кетпе деп түсіндірдім.
 
“Анашың ертең анау өтірік айтқан апайың туралы біліп, сені басқа сыныпқа ауыстырады,” — дедім.
 
Ертесі мектеп меңгерушісінің кабинетіне барып, болған жағдайды айтып едім, ол кісі бірден менің талабымды орындап, қызымды басқа сыныпқа ауыстырып берді.
 
Мектеп меңгерушісіне осындай шала сауатты мұғалімдердің мектепке, қоғамға қажеті шамалы екенін айттым. “Ренжімеңіз, ұстазға ескерту жасаймын,” — деп мені шығарып салды.
 
Сол кезден кейін балаларымнан сынып жетекшісі мен пән мұғалімдері туралы жан-жақты ақпараттар алатын болдым. Баламның дін туралы сауаттылығын қадағалайтын болдым.
 
Біз сеніп тапсырған мектептерде мұғалімдердің өзі қазір ораза айында жаппай ораза ұстап, оқушылар да ораза ұстап, бір ай ұйқылы-ояу жүреді. Топтасып ауыз ашу балалар арасында үрдіске айналды.
 
Тіпті сынып жетекшілеріне ауызашар жасап беретін оқушылар да бар. Ораза айында күнде кешке кафелерде сабылып, топтасып ауыз ашып отырған мұғалім мен оқушыларды көресің.
 
Сонда мектепте дінге шектеу жоқ па?
Оны қадағалайтын кімдер бар?
 
Мектеп — білім мен ғылымның жолындағы алғашқы басқыш. Баланың санасын улайтын діни немесе басқа ағымдарды мектепке жолатпау керек.
 
Дінді мектеп іргесінен аулақ ұстамаса, ертеңгі балаларымыздың болашағы не болмақ?
Мен қазір бәріне күдікпен қарайтын болдым. "Ұстазбын" деп мектепте жүрген кей мұғалімдердің өзі "дін ұстазы" болуы мүмкін...
Діндар ұстаз - қоғамның соры!"
Барлық жаңалықтар