Мектепте дінтану пәнін оқыту: Қажет пе, әлде...?

Мектепте дінтану пәнін оқыту: Қажет пе, әлде...?
Танымал саясаттанушы, журналист Асхат Қасенғали мектепте дінтану пәні өткізілгені дұрыс па деген сауалды жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
 
"Мектепте «Дінтану негіздері» деген қосымша пән бар еді. Қазір де бар ғой қателеспесем. Факультатив болатын. Мен оқушы болған сәтте, бұл пән болған емес.
Бір танысым осы пәннен берген еді.
 
Өзі тарих мұғалімі. Баяғыда сол танысымнан «пәнді қалай оқытасың, не үйретесің» десем, оқушыларға білетін діни әңгімелерімді айтып берем. Арасында уағыздан қосып, кейде Ютубтан сұхбаттарды қарап алып, соны баяндаймын деген еді.
 
«Арнайы оқулық, нұсқаулықты да қолданамын, бірақ осы формат өтімді» деген болатын) Қазір жұмыстан шығып кетті ғой деймін.
 
Менің жеке көзқарасымда бұл пәннің мақсаты нақты бір дінді оқыту емес, жалпы діндердің тарихын, олардың бір-бірінен айырмашылығын, зайырлы қоғам түсінігін түсіндіру, діни ұстаным бойынша қақтығысқа түспеуді үйрету және сенім мәселесіне құрметпен қарауды ұғындыру, жат ағымнан алыс жүруді насихаттау деп ойлаймын.
 
Дінтану пәнінің мақсаты дінді үйрету, дінге шақыру емес немесе керісінше діннен қашыру да емес. Бұл жалпы дін деген не, қандай діндер бар деген түсінік қалыптастыру үшін жасалды деп санаймын.
 
Жалпы мектептерде кей оқытушылар зайырлылық дегенді ұмытып кететін сәттер болады. Бәрі емес, кейбіреуі. Кейде тәрбие сағатында мұғалім өзінің діни ұстанымына байланысты насихат айтып отырады. Ол дұрыс емес деп санаймын.
 
Мектептерде діни рәсімдер, діни уағыз немесе насихат жүргізуге жалпы тыйым салынған. Әртүрлі дін бар, әртүрлі сенім бар. Адамдар да әр қилы. Оқытушының мақсаты білім беру. Болды.
 
Ал оқушы дінге сене ме, сенбей ме, қандай дінді құп көреді оның бәрі әр адамның жеке мәселесі ғой.
 
Сенім мәселесі туралы үйінде айтыла жатар, көшеде айтылар, достарымен әңгіме барысында айтылар, ал мектепке оқушы тек білім-ғылым үйрену үшін барады.
Қалай ойлайсыздар, жалпы мектепте діни насихат айтылған дұрыс па?"деп жазды Асхат Қасенғали. 
 
Асхат Қасенғалидың бұл сауалына қатысты оқырмандарының пікірі екіге бөлінді. 
 
Бір тарап "дұрыс, балаға мұғалімі әлемдегі бүкіл дін туралы түсіндіргені жөн" десе, екінші тарап түбегейлі қарсылық танытып, "дін атаулыны мектептің маңына мүлде жолатпау керек" деген пікір жазуда. 
Барлық жаңалықтар