"Мектептің ремонтын өзіміз жасап жүрміз" деген мұғалімдер мен тазалықшылар зар жылап отыр

"Мектептің ремонтын өзіміз жасап жүрміз" деген мұғалімдер мен тазалықшылар зар жылап отыр

Оқу жылы аяқталған соң, жыл сайын қазақстандық мектептерде басталатын тағы бір "жыр" бар. Ол мектепке жасалуы керек ремонт мәселесі. Таяуда ғана "мектептің ремонтын неге мұғалімдер жасап жүр" деген мақала жариялап едік. Сол материалға байланысты редакцияға хабарласып жатқан мұғалімдер мен "техничкалар" тоқтаусыз мұңын шақты. "Мектеп ремонтына" қатысты шағымдарды Democrat.kz. сайтының тілшісі тыңдап көрді. 

Естеріңізге салып өтейік, "Жылда солай": Мектеп ремонтын мұғалім мен "техничка" жасап жүргені қалай? деген тақырыппен мақаламыз жарық көрген еді. 

Осы мақаладан кейін редакцияға хабарласып жатқан мұғалім мен техничканың қарасы артты. 

Ақпараттық порталымыздың әлеуметтік желідегі парақшасының жекесіне көптеген мұғалім, техничкалар хабарласып, өздерінің пікірлерін білдіруде. 

"Атам заманнан бері осылай. Әр оқу жылының соңында басшылық екі талап қояды. Не ақшасын беріп, басқаларға жасатасың. Немесе өзің өз кабинетіңді тазалап, ремонттап өткізесің дейді. Амал жоқ, жылда өзіміз сынып бөлмесін келесі оқу жылына тазалап, дайындап кетеміз"

"Мектептің дәліздері, әжетхана, акт залының ремонты, тазалығы техничкалардың мойнында. Ол үшін бізге қосымша ақы төленбейді. Завхоз не бұйырады, соны орындаймыз. Техничка болып алатын жалақымыз 200 мың теңгеге де жетпейді"

Осы сарындас пікірді айтып, редакциямызға хабарласып жатқандар аз емес. 

Дәл осы мәселе бойынша көптен бері мәселе көтеріп жүрген қоғам белсендісі Жәмиля Бурабаева әлеуметтік желідегі парақшасында Алматыдағы коррекциялық мектеп  басшысымен болған сұхбатын жариялады. 

Сұхбат барысында мектеп директоры мектепке ремонтты нақты кім жасайтынын айтпай, сөзді созбалақтады. 

"Техничкалар ақтап, сырлау жұмыстарын жасайды. Өз келісімдері бойынша жасайды", дейді директор. Директордың сөзін қолдаған мектептің тағы бір қызметкері "өз келісімдерін жазбаша береді" дегенімен, ол құжатты көрсете алмады. 

Оқу жылы біткен соң мектептің рмеонт жұмыстарын кімдер атқаруға міндетті? Мектептің ремонтына бюджеттен арнайы ақша бөліне ме? Бөлінсе, қанша теңге бөлінеді? Бұл сұрақтардың басы ашық қалды. 

Редакциямызға хабарласқан педагог, техничкалар мен қолымызда бар осы деректерді алға тартып, Оқу ағарту министрлігіне ресми сауал жолдауды ұйғарып отырмыз. 

 

Барлық жаңалықтар