Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы «Expo» көрме орталығында ұйымдастырылған этноауылға арнайы барып, қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады. Президент жұртшылықпен бірге мерекелік көңіл-күйді бөлісіп, ел дамуындағы маңызды бағыттарға тоқталды, деп хабарлайды Democrat.kz.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген Президент биылғы Наурыздың қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін атап өтті.
«Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылып, ел-жұрт бір-біріне ақ тілегін жаудырады. Биылғы мерекенің Рамазан айына сәйкес келуі еліміз үшін үлкен маңызға ие. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасына, яғни «Наурызнама» онкүндігіне ерекше назар аударды. Бүгінгі күннің – Ынтымақ күні деп аталуында терең мән бар екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, ұлтына мен дініне қарамастан, барша халықтың бірлігі – мемлекеттің басты байлығы.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде экологиялық мәдениет пен еңбекқорлық құндылықтарын дәріптеді.
«Ұлыстың ұлы күні – тазалық мерекесі. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Бұл жалпыұлттық іске әсіресе жастар белсенді атсалысуда. Сонымен қатар, біз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Мақсатымыз – еңбек адамының беделін арттыру. Өйткені еңбекқорлық – озық ойлы ұлтқа тән қасиет», – деп қадап айтты Президент.
Мемлекет басшысы алдағы маңызды тарихи даталар мен ел дамуының стратегиялық бағыттарын да атап өтті. Биыл Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтпек.
«Біз «Заң мен тәртіп» қағидасы берік орныққан, әділетті, қауіпсіз әрі дамыған Қазақстанды бірге құрамыз! Цифрландыру, жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар мен энергетика – еліміздің негізгі даму бағыттары. Қазақстаннан басқа еліміз жоқ. Сондықтан бәріміз бір қоғам болып мемлекетімізді нығайтайық», – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ресми бөлімнен соң Президент жиналған қауыммен бірге мерекелік концертті тамашалады.