13 жастағы балаға дәрігерлер дер кезінде соқырішек диагнозын қоя алмай, Маңғыстау облысында жасөспірім бала қайтыс болды. Оқиғадан соң ДСМ Ақтауда жасөспірім ем алған медициналық мекемеге жоспардан тыс тексеріс жүргізді деп жазады Democrat.kz.
Qamshy.kz. сайтының хабарлауынша, баланы бірнеше рет ауруханаға жатқызудан бас тартылғаны анықталды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Бұл туралы Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желіде жазып, жағдайдың өз бақылауында екенін айтты.
«Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Ақтау қалалық №2 емханасында медициналық көмек ұйымдастыру және көрсету барысында өрескел бұзушылықтар анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды» деп жазды Әлназарова.
Прокуратура медициналық көмек көрсетпеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс сотқа берілді.
Осы ақпарат жарияланған әлеуметтік желі парақшасында марқұм баланың анасы: "Менің Жалғызым #АзановИсмаил Балапан Байлыгым. Іс Сотқа жолданған жоқ әлі, Қылмыстық іс жүріп жатыр, Сотқа өтуіне әлі шамамен 1 ай бар шығар! Қазақ елі колдауларыңыз қажет! Мен тек Жалғызымның Өлімі жайлы емес, толық Медицина саласы жонделуі үшін жүрмін! Ертен басқа бала зардап шекпесін деп!" деп жазды.