Министр Жұлдыз Сүлейменова осыншама қауқарсыз болғаны ма?

Министр Жұлдыз Сүлейменова осыншама қауқарсыз болғаны ма?
Бірнеше күннен бері қоғамның әр тарапынан сын тезіне іліккен ұстаздар Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы іздеп, сұрау салды деп жазады Democrat.kz.
 
Білікті ұстаз, білім саласының шебер мұғалімі Мира Барказатқызы кешелі бері мұғалімдерге қарсы ақпараттық шабуылды үдетіп, мұғалімдерді сынап отырғандарға ренішін білдіріп, министрге қаратып:
 
"Жұлдыз Сүлейменова, министрлікке келіп едіңіз, мұғаліміңізді депутаттар билеп-төстеп кетті ғой. Қайда жүрсіз? Бір ауыз сөз айтпайсыз ба? Сөзден іске көшсеңіз дұрыс болар еді. Мұғалімнің неше жаны бар?!
 
Әркім өз шындығын айтады. Бірақ кейбірі мәселенің байыбына бармай айтады. Егер баласының мұғалімі бір күн әкімнің жиналысына барса, бір күні сенбілікке шықса, бір күні концертке барса- оқушы қалай білім алады?! Енді келіп депутат Сайыров та өз білімінің шала екенін танытып отыр.
 
Осындай сауатсыздар көп болып кетті. “Мұғалімдер тек сабағын өткізсін!” десек, күллі сауатсыздар қарсы болып жатыр. Енді қайтейік! Бір кем дүние!"деді
 
Өкінішке қарай, расымен де, креслоға отырғанша, "ұстаздарыммммм, тек соларды қорғаймынннн"деушілер мұғалімдерді кәдімгі пайдалану құралына айналдырып алғандай. 
 
Депутат кезінде мұғалімдердің сөзін сөйлеп, ескі министр Ғани Бейсембаевқа шүйлігетін қазіргі министр Жұлдыз Сүлейменова неге үнсіз жатыр?
 
Мұғалім мамандығын түсінбесе де, оңды, солды пікірді сойдақтатып жазып, аттандап жатқандарға "мұғалім сіз бен біздің баламызға білім беріп, сабақ оқытуға тиіс, бітті!" деуге министрдің қауқары жоқ болғаны ма?
 
Сауаты бар да, сауаты "үштіктен" төмен де мұғалімдерге шүйлігіп, ақыл үйретуде. Депутаттар ғой, тіпті Президент қол қойған заңға да пысқырмай, өз ұсыныстарын тықпалап жатыр. Мақсаттары не? 
 
Әлеуметтік желіде жазған екі сөйлемінде елу қатесі өріп жүрген "білгіштер" мұғалімдерге сын айтып, бөрінің артындай шулап жатқанда, Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың "ештеңеден хабарсыз" кейіпте үнсіз жатқаны жарамады. 
 
Барлық жаңалықтар