Қазақстанда оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылады 2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, 10-11 сыныптарға арналған оқулықтарды өзектендіру жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді деп хабарлайды Democrat.kz.
Министр 2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылатынын атап өтті. 2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, карталарды, тарихи және әкімшілік материалдарды толық ауыстыра отырып, 10-11 сыныптардың оқулықтарын өзектендіру жоспарлануда.
Ал 2028 жылы 2 және 6 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығарылмақ.
«Дәл осы тәсіл оқушылардың сапалы дайындығын қамтамасыз етуге, олардың аналитикалық және ғылыми ойлауын дамытуға, сондай-ақ қазіргі экономикада сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, білім беру жүйесі Мемлекет басшысының алға қойған жаһандық ғылыми-технологиялық өзгерістер жағдайында лайықты бәсекелесе алатын технологиялық ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетін дәйекті түрде жүзеге асыратын болады», — деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Сонымен қатар өндірісте теориялық дайындық пен кәсіби дағдылардың тиімді үйлесімін қамтамасыз ететін дуальды оқыту жүйесін күшейте отырып, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ерекше назар аударылады.
Министрлік өскелең ұрпақты оқытудың және лайықты тәрбиелеудің барлық сатыларында білім беру сапасын арттыру арқылы зияткерлік ұрпақты қалыптастыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады.
Тәрбие жұмысы 5-9 сыныптарды қамтитын «Адал Азамат» Бірыңғай бағдарламасын, «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» курстарын, экологиялық білім беруді енгізу арқылы күшейтіледі, бұл азаматтық жауапкершілікті, патриотизмді, әлеуметтік және экологиялық құзыреттерді қалыптастырады.