Министрге маңызды сұрақ: Мұғалімдер даурығып, дабыл қаға бастады

Министрге маңызды сұрақ: Мұғалімдер даурығып, дабыл қаға бастады
Қазақстандық белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға маңызды сауал тастап, биылғы оқу жылында мұғалімдер нақты қандай құжаттарды негізге алып, жұмыс істейтінін білмей отырғанын айтып, дабыл қақты деп жазады Democrat.kz.
 
"Жаңалық көп. Ал оқу жылы қалай басталады?
Құрметті Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ханым!
Сіз басқаратын министрлікке қарасаң, жаңалықтан көз сүрінеді.  Бір күні жаңа жоба, бір күні жаңа бағыт, бір күні жаңа шешім, тағы бір күні кадрлық өзгеріс...
Жаңалық жариялаудан министрлік кәдімгідей жарысқа түсіп кеткендей. 
 
Бірақ бір қарапайым сұрақ мазалайды: 2026–2027 оқу жылын мұғалім нақты қандай құжаттармен бастайды? Бүгін — тамыз айының ортасы болды. Жаңа оқу жылына санаулы ғана күн қалды.
 
Ал мұғалім үшін ең қажетті құжаттардың бірі — 2026–2027 оқу жылына арналған әдістемелік-нұсқау хат — қайда? Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми ресурсындағы әдістемелік-нұсқау хаттар бөлімінде әзірге 2025–2026 оқу жылына арналған құжат тұр. Әрине, әдістемелік-нұсқау хаттың жобасы талқыланғаны туралы ақпарат бар. Бірақ педагогке «жоба талқыланды» деген жаңалық емес, оқу жылын ұйымдастыруға негіз болатын нақты, бекітілген құжат керек. Оның үстіне білім мазмұнына қатысты өзгерістер, жаңа оқулықтар, жаңа талаптар, жаңа жобалар туралы ақпарат бірінен соң бірі шығып жатыр. 2026–2027 оқу жылына ұсынылатын оқулықтар бойынша сараптаманың қорытынды кезеңі де аяқталғаны хабарланды.
 
Сонда логикалық сұрақ туындайды: Мұғалім жаңалықтарды оқып отырып оқу жылына дайындала ма, әлде нақты нормативтік құжатқа сүйеніп дайындала ма? Білім беру жүйесіне жаңалық керек.
 
Бірақ білім жүйесіне тұрақтылық, жүйелілік және алдын ала белгілі талаптар одан да керек.
Мұғалімге әр апта сайын «тағы бір жаңалық» емес, “биыл не өзгереді, не өзгермейді, нені қалай оқытамыз?» деген нақты жауап керек”
 
Министрлік жаңалық жариялаудан шаршамайтын сияқты. Ал мұғалім сол жаңалықтардың бәрін жинап алып, «енді осының қайсысымен жұмыс істейміз?» деп шаршап жүр.
 
Сондықтан министр ханымға бірнеше нақты сұрақ: 1. 2026–2027 оқу жылына арналған әдістемелік-нұсқау хат қашан ресми бекітіліп, педагогтерге қолжетімді болады? 2. Жаңа оқу жылына қатысты барлық негізгі нормативтік және әдістемелік құжаттар неге оқу басталуына санаулы күн қалғанда ғана жарияланады? 3. Мұғалімдерге өзгерістер туралы алдын ала, жүйеленген және толық ақпарат берудің нақты мерзімі бар ма? 4. Білім саласында әр жаңа министрлік бастамасы мұғалімнің жұмыс жүктемесіне, құжат айналымына және сабақ беру сапасына қалай әсер ететіні есептеле ме?
 
Өйткені білім беру — жаңалықтар таспасы емес. Мұнда әр өзгерістің артында — мұғалім, оқушы және ата-ана тұр. Жаңалық көп болғаны жақсы. Бірақ жаңалықтың көптігі — жұмыстың жүйелі екенін білдірмейді. Кейде білім саласына жаңа нәрсе қоса бергеннен гөрі, бар нәрсені ретке келтіріп, тұрақтандырып алған пайдалырақ. Министрліктен кезекті жаңалық емес,
“осы сұрақтарға нақты жауап күтеміз",  - деп жазды Сәния Нүсіпәлі. 
Барлық жаңалықтар