Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен бір топ қызметкері Президентке арызданыпты деген ақпарат қызу талқыланып жатыр. Осы мәселеге байланысты білім саласының маманы, қоғам белсендісі Қайрат Айтбаев өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
Өз пікірінде Қайрат Айтбаев шындыққа мұқтаж адам неге сотқа бармайды деген сұрақ қойып,
Democrat.kz ақпараттық порталында жарық көрген «Бір топ азамат... Президентке шағымданды» атты осы сайтта жарияланған ақпаратқа күмән келтіреді. Айта кетейік, министр Жұлдыз Сүлейменованың үстінен шағым түскені туралы бірінші болып әлеуметтік желіде Гүлнар Мансұрқызы жазба жариялаған болатын.
Сайтта сол жазба туралы
айтылып, мұның қаншалықты рас екеніне сұрау салынды. Арада бірер сағат өткенде, қолымызға әлгі атышулы арыздың көшірмесі де түсті. Арыздың көшірмесі сайтымызда түгел
жарияланды.
Қайрат Айтбаев өз жазбасында: "Қазақстан — Конституция бойынша құқықтық мемлекет. Демек, жарияланған әрбір сөзге, тағылған әрбір айыпқа заң алдында жауап беру міндетті. Ал аталған мақала тек алыпқашпа әңгімелер мен дәлелсіз деректерге құрылғандай әсер қалдырады.
«Ондаған басшы кетті»: Дәлел қайда, сот қайда?
Мақалада «министрліктен ондаған басшы кетті, олар министр тарапынан қудаланып, кетуге мәжбүр болды» деген үлкен айып тағылған. Егер бұл рас болса, бұл — Еңбек кодексінің 100 пайыз бұзылғандығының айғағы. Бірақ осы орайда заңды сұрақ туындайды:
* Егер құқығы тапталып, заңсыз қудаланған болса, сол сауатты, білімді, тәжірибелі экс-басшылардың бірде-біреуі неге сотқа немесе Еңбек инспекциясына арызданбаған?
* Неге олар өз құқығын қорғап, қоғам алдына шығып, «Мені заңсыз қудалап, қызметімнен қуды» деп, мәлімдеме жасамайды?
* Егер мақала авторы сол «жапа шегушілердің» мүддесін қорғағыш болса, олардан құқықтық инстанцияларға шағым түсіруге сенімхат алған ба? Алса, неге көрсетпейді?
Заң тұрғысынан алғанда, өз еркімен жұмыстан кеткен адам ешкімге мін таға алмайды. Ал «мәжбүр болды» деген қисынсыз формуланы кім, қандай саяси мақсатпен ойлап тауып отыр?
Көрінбейтін үндеу мен «жалдамалы клавиатуралар» ма?
Автор «Президентке үндеу жазылды және ол талқыланып жатыр» дейді. Бірақ ол құжатты ешкім көрген жоқ. Скан-нұсқасы қайда? Скриншоты қайда? Егер ондай хат шынымен бар болса, "жұртшылық таныссын" деп неге жарияламасқа? Жоқ құжатты бар деп көрсету — бұл «бір топ азаматтың» жанайқайы емес, белгілі бір мүдделі топтардың тапсырысын орындаушы «жалдамалы клавиатуралардың» тірлігі екенін аңғартпай ма?
Сонымен қатар, мақалада «анонимді сауалнама мен аудит сұралды» делінген. Кімнен, қашан, қалай сұралған? Автор Оқу-ағарту министрлігінің кадр бөлімі ме, әлде құзырлы тексеруші орган ба? Ресми сұрау хаттың нөмірі бар ма? Жоқ!
Мұның бәрі - желі белсендісі Гүлнар Мансұрқызының жазбасынан көшіріліп алынған, екінші қолдан өткен, тексерілмеген ақпараттар. Ең сорақысы — автор өз парақшасында бұл жазбаға пікір қалдыруды шектеп қойған. Демек, бұл — ашық диалог емес, біржақты күйе жағу болып шықпай ма?
Мақаладағы ең күлкілі әрі кәсіби сауатсыздықты әшкерелейтін тұс — «ғылыми дәрежесі жоқтарды қызметке қойды» деген уәж. Анықтама: Ғылым және жоғары білім министрлігі үшін басшылық құрамға ғылыми дәреже мен атақтың талап етілуі - заңдылық. Ал Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне — балабақша, мектеп және колледждер кіреді. Мұндағы басты критерий — ғылыми атақ емес, педагогикалық тәжірибе, менеджмент және ұйымдастырушылық қабілет. Дәрігерден етік тігуді талап ету қаншалықты қисынсыз болса, әр саланың талабын бір өлшеммен бағалау да соншалықты орынсыз. Кезінде екі министрлік бірігіп тұрған уақытта қате қойылып, кейін ескіріп қалған талапты қазіргі бөлек отау тіккен Оқу-ағарту министрлігіне айып ретінде таңу — нағыз заңдық манипуляция. Сол сияқты, «марапатқа 1-7 ай істегендерді ұсынды» деген сөздің де артында нақты бұйрық нөмірі мен адам аты-жөні жоқ, тек «кейбір» деген бұлыңғыр сөз ғана бар.
Креслоға талас: Бұл шабуыл кімге тиімді?
Саяси сахнада кімнің сойылы соғылып жатыр? Бұл — Құрылтайға өте алмайтынын алдын ала болжап, бірақ министрлік креслосын аңсап, іштей аласұрып жүрген бұрынғы «АМАНАТ» партиясының ішіндегі белгілі бір топтардың жымысқы әрекеті емес пе екен? «Балық басынан шіриді» деп кесіп айтпасақ та, «Бұл кімге тиімді?» деген сұрақ кесе-көлденеңдеп алдымыздан шыға береді.
Қазақстан — әлеуметтік желідегі жазбалармен немесе анонимді фейктермен емес, нақты Заңмен басқарылатын мемлекет.
* Егер шынымен қудалау болса — сыбайлас жемқорлықпен күресетін органға жүгіну керек.
* Егер кадрлық конкурс ережесі бұзылса — Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне арыздану қажет.
* Егер құқық тапталса — сотқа бару ләзім.
Заңды жолы — осы. Мұхтар Әуезов айтқандай: «Шындықтың жүзі жарық болады».
Ал анонимдердің жүзі әрқашан қараңғылықта қала бермек. Тексерілмеген «әлеуметтік желілердегі өсектерге», "Пәленше сүй депті", "Түгенше бүй депті" деген сыпсыңдарға сүйеніп, елдегі 4 миллион оқушының тағдыры шешілетін білім реформасын тоқтатуға ешкімнің құқығы жоқ.
Алдымен - құжат, кейін - пікір. Әйтпесе, ертең кез келген мемлекеттік орган басшысын осындай негізсіз «анонимдік» шабуылдармен тайғанатып, құлата беретін анархияға жол беріп аламыз", -
дейді.