"Шөпілдесіп сүйіскеннен..." деген Мұхамеджан Тазабек ағынан жарылды

"Шөпілдесіп сүйіскеннен..." деген Мұхамеджан Тазабек ағынан жарылды

Ақын, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай сайлауынан кейін сәлемдесу әдебі мен ұлттық мінезге қатысты айтқан сөздеріне үн қосып, қазақ қоғамындағы қарым-қатынас мәдениеті туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Democrat.kz.

Оның пікірінше, сәлемдесу бір қарағанда ұсақ нәрсе секілді көрінгенімен, адамның тәрбиесі мен ішкі мәдениетін танытатын маңызды белгі.

«Сәлемімізді түзесек – қарым-қатынасымыз түзеледі. Қарым-қатынасымыз түзелсе – қоғамдық мінезіміз өзгереді. Қоғамдық мінез өзгерсе – елдің де келбеті өзгереді», – деп жазды Мұхамеджан Тазабек.

Ол қазақ қоғамында бұрын үлкенге құрмет, жасы кішінің ізеті, дастархан басындағы жол-жоралғы секілді қалыптасқан тәртіп болғанын еске салды.

«Жасыңа қарай отыр, жағыңа қарай сөйле» деген бір ауыз сөздің өзінде тұтас қарым-қатынас мәдениеті жатқанын айтқан Тазабек ұлттық әдепті сырттан іздеудің қажеті жоқ деп есептейді.

«Ғылымын өзгеден үйренерміз. Технологиясын игерерміз. Тәртібінен үлгі алармыз. Бірақ әдепті өзгенің есігінен іздемейік. Оның терең мектебі өз төрімізде тұр», – дейді ол.

Тазабек ер адамдардың амандасу мәдениетіне де тоқталды. Оның пайымынша, ер азаматтың мінезі айқайдан немесе өзгеге өктемдік көрсетуден емес, жауапкершілігінен көрінуі керек. 

"Көрінген жерде шөпілдесіп сүйіскеннен гөрі, сол жылылықтың бір бөлігін үйімізге алып қайтсақ ше? Әке-шешемізге жұмсақ сөйлеп, жарымызға жылы жымиып, баламыздың басынан сипап, ағайынымызға шын көңілмен хал сұрасақ ше? Нық қол алысу, тік қарау, уәдеде тұру, жауапкершіліктен қашпау – ер азаматтың үнсіз сөйлейтін мінезі», – деп жазды қоғам қайраткері.

Алайда оның жазбасындағы ең өткір ойлардың бірі адамдардың сырттағы және үйдегі қарым-қатынасына қатысты болды.

«Сырттағы адамға – ыстық құшақ, үйдегі адамға – суық қабақ. Осы арада бір нәрсенің орны ауысып кеткен жоқ па?» – деп сауал тастады Тазабек.

Оның пікірінше, қоғамда жылылық азаюы керек емес, керісінше оның бағыты дұрыс болғаны жөн.

«Жылылық жоғалмасын. Тек оның ең мол үлесі ең жақын адамдарымызға бұйырсын», – деп түйіндеді Мұхамеджан Тазабек.

Барлық жаңалықтар