Министрлерге дат: Мектеп - "боғауыз сөз үйренетін жерге" айналды

Министрлерге дат: Мектеп - "боғауыз сөз үйренетін жерге" айналды

Немерелерім, бұйыртса, мектепке барады. Соған байланысты бір қатты уайымым бар. Күнде аулада немерелерімді ойнатамын. Неше түрлі бала кезігеді. Бірақ бәріне бірдей ортақ нәрсе - ауыздары толған боқтық!

Үлкен адам отыр екен, аузымызды тыйайық деген қағида мүлде жоқ. Басында ұрсатын едім, қазір құлақ үйренді ме, үндемейтін болдым. Мен үйде боқтамаймын, анда-санда аяқ-қолыңды ұрып алғанда болмаса. Онда да “Әкеңдіден!” әрі аспаймын. Ұлым да солай өсті. Кейін өзінің айтуынша мектепте балалармен жаға ұстасып қалғанда боқтауға сөз таба алмай талай қиналып қалған екен Құдайға шүкір, немерем де боқтық сөз естімей өсіп келеді. Бірақ ауладағы жағдайды көріп, ертең мектепте қағажу көреді ме деп уайымдаймын. Осыған байланысты, Оқу ағарту министріне, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорына, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне өтінішім бар: Мектеп білім ұясынан көрі “боғауыз” үйренетін жерге айналды. Балаларға “боғауыз” айтқызбаудың жолын қарастырса. Ол үшін, меніңше: “Тәртіпке” қойылатын бағаның статусын биіктету керек. “Тәртіп” статусын жәй көтеріп қоймай, арнайы пән енгізілсе, онда жол ережесінен бастап, мектеп ережесін, қоғамдық ережені, әсіресе, салық ережесінен бастап адамның қоғамда қалыптасуына күнделікті қажетті мағлұматтары оқылса. Әрине, бала құқы да оқытылуы тиісті. Бұл пәнде міндетті түрде ереже бұзғандарды жазалау шарттарымен де таныстырылуы қажет. Сонда мектеп бітірген бала өз құқын да, өзгенің құқын да біліп қоймай, оған тиесілі жауапкершілікті де ұғынып шығады. Әрине, мұғалім болмаған соң менің пікірімде аңғалдық көп болар. Бірақ шет елдің тәжірибелері қалай екен? Жеңіс ҚҰСПАНОВ, журналист. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар