Министрлікке "Әбіл" фильмінен гөрі Сәкеннің тойы маңызды болғаны ма?

Министрлікке "Әбіл" фильмінен гөрі Сәкеннің тойы маңызды болғаны ма?

Таяуда ғана халықаралық жүлдеге ие болған өнер қайраткері Ерлан Төлеутайдың "Әбіл" фильмі билік тарапынан да, министрлік тарапынан да құттықталмады деп жазады Democrat.kz.

Осыған байланысты бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде "Министр Аида Балаева неге құттықтамады? Сәкен Майғазиевтің ұлының тойына құттықтау жолдаған министр Қазақтың мәдениетінің абыройын аспандатқан "Әбіл" фильміне қатысты жылы лебізін білдірмегені қалай?" деген сауал қызу талқылануда. Бұл мәселеге қатысты Гүлмария Барманбекова "бұл - бүгінгі қазақ қоғамындағы мәдениет пен билік, өнер мен шенеунік арасындағы теңгерімнің айқын көрсеткіші" деп Мәдениет мнистрін сын тезіне алды. "Ерлан Төлеутайдың "Әбіл" фильмі халықаралық жүлде алып, Қазақстан мәдениетінің абыройын аспандатқан сәтте, Мәдениет министрінің назарын жеке бір әншінің отбасылық қуанышы көбірек аударғаны — көпшіліктің наразылығын тудырса, бұл негізсіз емес. Бұл жағдай мемлекеттік басымдықтар мен рәміздік символиканың алмасқанын аңғартады. "Әбіл" – тарихи, мәдени, қоғамдық тұрғыдан маңызы бар фильм. Оның халықаралық жүлде алуы – бүкіл елге ортақ жетістік. Майғазиевтің ұлының үйленуі – жеке оқиға. Мәдениет министрі осы екі оқиғаның қайсысына басымдық берді деген сауал – халықтың мәдениет саясатына деген сеніміне әсер етері даусыз. Бүл оқиғадан тағы бір аңғарғанымыз - жеке қарым-қатынастың қоғамдық мүддеден биік қойылуы. Министр лауазымды тұлға ретінде қоғам атынан мәдени құндылықты қорғауға, дамытуға, оны халықаралық деңгейде насихаттауға жауапты екені айтпаса да түсінікті. Ерлан Төлеутайдың фильмі – қазақ киносының жаңа тынысы. Оның артында ұлттың болмысы, тарихы, күресі тұр. Егер мұндай жетістікке ресми құттықтау болмай, ал жеке тойда хат жолданса – ол мемлекеттік жауапкершілік пен туыстық-жекелік қатынастың ара жігін ажырата алмау деп қабылдануы әбден мүмкін. Айгүл Болатханқызының бұл мәселеге байланысты қынжыла отырып жазған посты - қоғамда әділет пен шынайылыққа деген сұраныс туа бастауының көрінісі. Халық билік пен өнер адамы арасындағы формалды емес, әділ, салмақты байланысты көргісі келеді. Құрметтің кім жақын, кім дос дегенге емес, кім елге еңбек етіп жүр дегенге қарап бағытталғанын қалайды. Мәдениет министрінің бұл әрекеті – символдық тұрғыдан қате сигнал десем ешкім ренжи қоймас. Ерлан Төлеутай секілді дарынды тұлғаның халықаралық деңгейдегі жеңісі – жеке адамның емес, ұлттың жеңісі. Ал шенеуніктердің мұндай сәттерде үнсіз қалуы немесе кешігіп құттықтауы мәдениет саласына салқын қарайтын, формалды қатынас орнағанын көрсетеді. Бұл тек министрдің емес, бүкіл жүйенің мәдениетке көзқарасын байқатады. Жеке тойларды емес, ұлттық рухты көтеретін істерді қолдаған билік қана халықтың сеніміне ие болады. Менің бұл жазбам кейбіреулерге төменгі суреттегі бұқаның мүйізіне жармасқан бармақтай жан иесінің әрекеті секілді болып көрінуі мүмкін. "Министрге сын айтатындай сен кім едің?" дейтіндер табылып жатса, оған бола әбіржіп қалады деп ойламасаңыздар да болады" деп жазды Гүлмария БАРМАНБЕКОВА. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар